Шығыс Қазақстан облысында жас аналар вакцинадан бас тартқан. Бұл жағдай дәрігерлерді ғана емес, қоғамды да алаңдатып отыр. Әлеуметтік желілердегі жалған ақпаратқа сенген ата-аналардың шешімі болашақ ұрпақ денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінде жас аналардың көбі педиатрдың кеңесінен гөрі әлеуметтік желідегі «ақыл-кеңеске» сенетін болған. Көз ілеспес жылдамдықпен тарап жатқан жалған ақпарат медицина қызметкерлерінің жылдар бойы қалыптастырған иммунитет жүйесіне деген сенімге селкеу түсіре бастады.
ШҚО денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айжан Комшабаеваның айтуынша, кейбір аналар интернеттегі «сарапшылар» сөзіне сеніп, баласын қауіпті аурулардан қорғайтын екпеден саналы түрде бас тартады.
Әрбір мейірбике мен учаскелік дәрігер екпеден бас тартқан ата-аналарды жақсы біледі. Олармен эпидемиологтар мен медицина ұйымының басшылары тұрақты түрде әңгіме жүргізеді. Біз де департамент мамандарымен бірге бұл жұмысқа қатысамыз. Соның нәтижесінде жыл сайын ата-аналардың шамамен 20 пайызы баласына екпе салдыруға келісім береді, – дейді Айжан Комшабаева.
Медицина мамандарының түсіндіру жұмысына қарамастан, қалған 80 пайыз ата-ананың шешімі өзгеріссіз қалып отыр. Бұл – өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты дабыл қағарлық жағдай.
Медицина мекемелері ата-аналардың сенімін қайтару үшін үздіксіз жұмыс жүргізіп жатыр. Семинар, дөңгелек үстел отырыстары, тіпті вакцина алмаған балалардың дертке шалдығып, ауыр зардап шеккен жағдайларын (кейстерін) көрсету арқылы әсер етуге тырысады. Ата-аналарға статистикалық деректер де ұсынылады. Өкінішке қарай нәтиже мардымсыз. Мамандардың пікірінше, қоғамның ақпаратты «сүзгіден өткізе» алмауы және әлеуметтік желі ықпалының күшеюі жағдайды ушықтырып тұр.
Мемлекеттік мекемелер мен медицина қызметкерлері вакцина салудың маңызын күнделікті қайталап айтудан жалыққан жоқ. Алайда ата-ананың бір сәттік эмоциясы немесе әлеуметтік желідегі негізсіз жазбалар ертеңгі күні бүкіл қоғамның денсаулығына әсер етпесіне кім кепіл?
«Ұрпаққа не қалдырамыз?» деген сұрақты әрбір ата-ана өзіне қоюы керек. Ғылымға сүйенген медицина ма, әлде желідегі «сарапшылардың» долбары ма? Әзірге бұл сұрақ басы ашық күйінде қалып тұр.




