Шығыс Қазақстан облысында үй жағдайында жасалған сүндеттен кейін бірнеше бала дәрігер көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Олар Өскемендегі Ана мен бала орталығына жеткізілді, деп хабарлайды F16.kz.
Орталық дәрігерлерінің айтуынша, кейінгі күндері медицина мекемесіне қан кету, жараның іріңдеуі сияқты асқынулармен бірнеше бала түскен. Олардың бірі ауыр халде хирургия және урология бөліміне жатқызылған.
Хирургия және урология бөлімінің меңгерушісі Қайрат Рахимжанов мұндай жағдайдың салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, кез келген хирургиялық араласу қатаң медициналық талаптарды сақтауды қажет етеді. Ал емдеу мекемелерінде барлық қажетті жағдай жасалған: стерильді орта, арнайы құрал-жабдықтар және науқастың жағдайын бақылап отыратын білікті мамандар бар. Ал оны үйде, талапқа сай емес жағдайда жасау, инфекция жұқтыру қаупін туындатады.
Баласы ауруханаға түскен ата-аналардың айтуынша, қала іргесіндегі Ново-Явленка ауылында ер адам үйде сүндеттеу қызметін ұсынған, тұрғындар оған жүгінген. Алайда бұл «үйдегі операцияның» соңы асқынуға әкеліп, іске дәрігерлер араласуға мәжбүр болды.
Адамдардың көбі бұл рәсімді қарапайым дәстүр деп қабылдап, медициналық талаптарды ескере бермейді. Алайда мамандар сүндеттеудің хирургиялық операция екенін және оны тек арнайы жағдайда жүргізу қажеттігін айтады.
Дәрігерлер ата-аналарды жауапкершілік танытуға шақырып, балалардың денсаулығын күмәнді қызмет ұсынатын адамдарға сеніп тапсырмауға кеңес береді. Кез келген хирургиялық процедура, қарапайым көрінгенімен, тек медициналық мекемеде және маман кеңесінен кейін жасалуға тиіс.




