Шығыс Қазақстанда өңірдің туристік әлеуетін арттыру мақсатында демалыс орындарына апаратын инфрақұрылымды дамыту жұмысы қарқын алды. Былтыр бұл бағытта 170 шақырым жол жөнделсе, биыл оған тағы 100 шақырым қосылмақ, деп хабарлайды F16.kz.
ШҚО туризм басқармасы басшысының орынбасары Ирина Смиттің айтуынша, негізінен өңірдегі ең танымал демалыс орындарына апаратын жолдарды жөндеуге басымдық берілген. Атап айтқанда, туристер көп баратын Сібе көлдеріне жол қатынасын жақсарту мақсатында Васильевка-Бозанбай және Васильевка-Бозанбай-Алғабас-Тарғын бағытындағы жолдарда жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жол сапасын арттыру демалушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Шалқар көлінің жағалауындағы муниципалды жағажайдың инфрақұрылымына да ерекше көңіл бөлінеді.
Жағажайға апаратын жолдың 600 метріне жаңа асфальтбетон төселіп, келушілерге ыңғайлы болуы үшін 100 автокөлікке арналған арнайы тұрақ салынады, — деді басқарма басшысының орынбасары.
Катонқарағай ауданындағы туристік аймақтарға апаратын жолдар да назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, қазір Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпірді қайта жаңғырту жұмысы қызу жүріп жатыр. Былтыр судың ортасындағы үш тірек орнатылса, биыл құрылысшылар тағы екі тірек тұрғызбақ.
Өңірдегі ең танымал емдеу-сауықтыру орындарының бірі Рахман қайнары шипажайына баратын жол мәселесі де кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Берел ауылынан шипажайға дейінгі республикалық маңызы бар жолдың 13 шақырымында орташа жөндеу басталды. Бұл шаралардың барлығы өңірдің ішкі туризмін жаңа деңгейге көтеріп, алыс-жақыннан келетін қонақтар ағынын арттыруға негіз болмақ.




