Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Шығыс Қазақстан өңіріндегі шомылуға қауіпті су айдындарын атады. Олардың қатарында демалушылар көп баратын Сібе көлдері де бар, деп хабарлайды F16.kz.
Құтқарушылардың пікірінше, Сібе көлдерінде жерасты суының қайнар көздері бар және тереңдігі кей жерлерде 40 метрден асып кетеді, Осы ерекшеліктер су температурасын күрт өзгертіп, демалушыларға қауіпті болуы мүмкін.
ШҚО төтенше жағдай департаментінің өкілдері Сібе көлдерінде арнайы жабдықталған жағажайлар мен қауіпсіздікке арналған қалқымалар орнатылғанын айтты. Сондықтан демалушылар тек белгіленген аумақтарда шомылып, судың температурасына назар аударса оқыс жағдайлардың алдын алуға болады.
Сонымен қатар құтқарушылар Өскемендегі Үлбі және Ертіс өзендері бойында да шомылу қауіпті екенін айтты. Мамандардың сөзінше, бұл өзендерде ағыс өте қатты, сондықтан суға түсу кезінде адам өміріне қауіп төнуі мүмкін.
Ал шомылуға салыстырмалы түрде қолайлы орын ретінде құтқарушылар Сарыбел аумағы маңындағы су айдынын атады. Бұл аумақта жағалауы таяз және құм, суы тез жылынады. Жаз мезгілінде онда құтқарушылар кезекшілікке шығып, демалушылардың қауіпсіздігі бақылауға алынады.
Мамандардың айтуынша, өңірде шомылуға рұқсат етілген 23 арнайы орын бекітілген. Жоспарға сәйкес, суға шомылу маусымы шамамен 1 маусымнан басталып, қыркүйек айына дейін жалғасады.
Құтқарушылар түсіндіргендей, жаз кезінде жағажай иелері мен жауапты ұйымдар төтенше жағдайлар департаментіне арнайы өтінім береді. Осыдан кейін мамандар жағажайлардың дайындығын тексеріп, қауіпсіздігін бағалайды.
Ең алдымен сүңгуірлер судың түбін тексереді. Жағажайлардың маусымға дайындығы жан-жақты қаралады, – деп атап өтті ведомство өкілдері.
Әзірге ондай өтінімдер әлі түсе қоймаған. Мамандар мұны судың жылынбауымен байланыстырып отыр. Әдетте жағажайларды тексеру мен өтінім қабылдау жұмыстары мамыр айының үшінші онкүндігінде басталады.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тұрғындарға рұқсат етілмеген орындарда шомылмауға, балаларды қараусыз қалдырмауға және судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға кеңес берді.




