15–17 мамыр күндері Шығыстың бас шаһарында ұлттық өнер мен мәдени мұраны дәріптеуге арналған «Ғасырлық дәстүрлер» фестивалі өтеді, деп хабарлайды F16.kz.
Ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен және шет мемлекеттерден 800-ден астам қолөнер шебері қатыспақ. Қатысушылардың туындыларын халықаралық деңгейдегі сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Сонымен қатар фестиваль барысында «Аламан құрақ» жобасы аясында ұзындығы екі шақырымнан асатын алып құрақ көрпенің таныстырылымы өтеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күндері ресми түрде тағы бір әлемдік рекорд тіркелмек.
Фестиваль бағдарламасы аясында :
қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі;
тәжірибелі шеберлерден шеберлік сабақтары;
этнографиялық және мәдени-танымдық іс-шаралар өтеді.
«Ғасырлық дәстүрлер» жобасының негізгі мақсаты — ұлттық құндылықтарды насихаттап, халқымыздың ғасырлар бойы сақталған мәдени мұрасын келер ұрпаққа жеткізу. Қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мәдени шараның куәсі болуға шақырамыз, — дейді ұйымдастырушылар.




