Өр Алтайдың баурайында, Шығыстың бас шаһарында ұлттық өнерді ұлықтап, дәстүрді дәріптеген тағылымды шара өтті. Үш күнге созылған «Ғасырлық дәстүрлер» кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының халықаралық фестивалінде екі бірдей GBR дүниежүзілік рекорды ресми түрде тіркелді, деп хабарлайды F16.kz.
Ата-бабадан жеткен көне өнерді дәріптеген шара тамылжыған табиғатымен, әсем келбетімен ерекшеленетін Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының Сол жағалау кешенінде өтті.
«Ғасырлық дәстүрлер» фестивалінің басты мақсаты — сәндік-қолданбалы өнерді, дәстүрлі қолөнер түрлерін сақтау және кеңінен насихаттау.
Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен рухани мұраны сақтау, дамыту және насихаттау бағытына баса назар аударылып, ауқымды жұмыстар қолға алынған. Шараның алғашқы күні өткен брифинг барысында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев фестивальдің маңызына тоқталып, Шығыс Қазақстан пилоттық өңірлердің бірі екенін атап өтті.
Екінші күні Шығыстың бас қаласына ат терлетіп 17 өңірден келген 800-ге жуық құрақшы «Восток» стадионында бас қосты. Ондағы мақсат – алып құрақ көрпені төсеп, әлемдік рекордты тағы бір мәрте жаңарту. Ақ жаулықты аналар мен ісмер қыз-келіншектердің еңбегін «Global Best of Records» дүниежүзілік рекордтар кітабының өкілі бағалады.

«Аламан құрақ» жобасының негізін қалаушы Нұргүл Абайханның айтуынша, бұл жоба қатарынан төртінші жыл өтіп, рекорд жаңартып келеді.
«Аламан құрақ» жобасының негізгі мақсаты – қазақтың ата-бабадан, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген мұрасын, құрақ көрпені әлемге таныту. Сондай-ақ қонақжайлығымызды паш ету мақсатында әр өңірде осы тағылымды іс-шара жалғасын тауып келеді. Жыл сайын қатарымыз толығып жатыр. Биыл шараға қатысушылардың ең үлкені – 90 жастан асқан. Ал, ең кішісі – 6 жаста. Әр өңірден жиналған құрақшылар бір-бірімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады, — деді Нұргүл Абайхан.
Жоба алғаш рет 2023 жылы Астана қаласында қолға алынған. Еліміздің бас қаласына жиналған 200 құрақшы ұзындығы 243,5 метр алып көк түсті көрпені төсеп, Қазақстанның рекордтар кітабына енген. Екінші жоба 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өтті. Онда 450 құрақшы 450 көрпе тігіп, Тайқазанның айналасына ерекше дизайндағы көрпені төсеген.
Үшінші рекорд былтыр Алматы қаласындағы Медеу мұз айдынынды жаңғырды. Әр өңірден жиналған 660 құрақшы 660 құрақ көрпе төсеп, жаңа жетістікке қол жеткізді. Бұл жолы құрақшылардың еңбегі «Global Book of Records» дүниежүзілік рекордтар кітабына енген.
Құрақшыларға бірдей үлгі мен есебі жіберіледі. Соны алдын ала тігіп әкеліп, бір-бірініне қосып үлкен құрақ көрпе шығарамыз. Жоба қазіргі таңда мыңға жуық адамның басын қосып отыр. Төртінші рекордты Шығыста орнатпақпыз. Өр Алтайдың әсем табиғатын бейнелейтін, жасыл бояумен көмкерілген «Барқытбел» атты алып көрпе «Восток» стадионында толық көлемде жайылады. Рекорд жаңғырту, осынша адамды бір өңірге жинау – қолөнер шеберлерінің орасан зор еңбегінің, ұйымшылдығының нәтижесі, — деді жобаның негізін қалаушы.
«Global Book of Records» дүниежүзілік рекордтар кітабының Азия және Африка бойынша бас офицері Қуандық Құдайбергенов бұл бастаманың қалай іске асқанын атап өтті.
Әлемде әйгілі 4 дүниежүзілік рекордтар кітабы бар. Оның ішінде Global Book of Records мәдени рекордтарға көп көңіл бөледі. Біздің Мумбай мен Дубайдағы офистерімізге Қазақстанның Аламан құрақ қауымдастығынан этно-рекорд тіркеуге ұсыныс түсті. Біздің кітап ЮНЕСКО-ның материалдық мәдениетті сақтау бағдарламаларын қолдайды. Сондықтан бұл бастамаға қолдау көрсетіп келеміз. Себебі қазақтың құрақ көрпесінің тарихы 2,5 мың жылға кетеді, — деді ол.
Оның айтуынша, арнайы цифрлы қосымша арқылы жайылған құрақ көрпелер толық сканерленіп, барлық өлшем Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласындағы бас кеңсеге жолданады.
Ол ақпарат желілері арқылы әлемнің 48 мемлекетіне таратылады. Құрақ көрпенің жалпы ұзындығы екі мың метрге жетсе, саны 788 данаға дейін ұлғайды, – дейді Қуандық Құдайбергенов.
Іс-шараға атсалысқан құрақшылардың ең кішісі Астана қаласынан келген 6 жастағы Айша Үсен. Бір жарым жастан бастап әжесінің тәрбиесін алған ол Шығыстағы рекордты жаңғыртуға үлес қосты.

Әжем екеуміз екі құрақ тігіп әкелдік. Ою-өрнекке, тігінге қызығып, әжемнен үйрендім. Өскеменге алғаш рет келіп, осындай шараға қатысып жатырмын, — деді Айша Үсен.
Жоба аясында көпшілікке ені 60 сантиметр болатын 788 дана «Жылқы» сәндік жастықтары да ұсынылды.

Аталған сәндік жастықтар мен алып құрақ көрпе Global Best of Records халықаралық рекордтар кітабына еніп, бір мезетте өңірде екі бірдей рекорд жаңартылды.
Фестиваль соңында жастықшалар «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне табыс етілді.
Өңір басшысы фестивальдің салтанатты ашылу салтанатында қолөнердің ұлттық мәдениет пен рухани мұраны сақтаудағы ерекше рөліне тоқталды.
Дана халқымызда “Шебердің қолы ортақ” деген аталы сөз бар. Қолөнер – тек шебер қолдың туындысы ғана емес, халықтың жанын, болмысын, тарихын сөйлететін сырлы тіл. Құрақ көрпе мен оюлы текеметтің әр өрнегінде ұлттың дүниетанымы, әр иірімінде ғасырлар ізі бар. Бұл өнер өткен мен бүгінді жалғап, келешекке жол ашатын ұлттық құндылық. “Аламан құрақ” жобасы аясында ұлттың ұлы мұрасы саналатын құрақ құрау өнерін жаңғыртып халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған игі бастама сәтті іске ассын, — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, фестиваль аясында жетекші шеберлердің қатысуымен шеберлік сағаттары, Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Татарстаннан келген шеберлердің тақырыптық көрмелері мен көрме-жәрмеңкелері ұйымдастырылды.

Бұдан соң аймақ басшысы фестивальге белсене қатысқандар мен жеңімпаздарды марапаттады.
Ал арнайы концертте этникалық музыка шеберлері өнер көрсетіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.




