Ұлан ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысып, аудандағы бірқатар ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын аралады, деп хабарлайды F16.kz.
Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі – ауыл шаруашылығы. Жалпы өнім көлемінің 60 пайыздан астамы осы салаға тиесілі. Бұл ретте егіс алқаптарының көлемі артып, мал басы да жылдан жылға көбейіп келеді. Сонымен қатар аудан өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инвестиция тарту және халықты жұмыспен қамту бағыттары бойынша тұрақты даму қарқынын сақтап отыр.
Көктемгі егіс науқаны ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін сын сәті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ұлан ауданына жұмыс сапары барасында бірқатар егіс алқаптарын аралап, қызу жұмыс барысымен танысты.

Аудандағы ірі агроқұрылымдарының бірі – «Украинское» кәсіпорны. Украинка ауылында 30 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында егін және мал шаруашылығы қатар дамып келеді. Қазір 72 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Шаруашылықтың басты ерекшелігі — суармалы жерлерді белсенді пайдалануында. Мұнда бидай, арпа, сұлы, күнбағыс, жүгері және мал азығы дақылдары өсіріледі. Егістік алқабының жалпы көлемі шамамен 5 мың гектарды құраса, жайылымдық жер көлемі 9,5 мың гектардан асады. Кәсіпорын алқаптарында қазір заманауи жаңбырлатып суару қондырғылары жұмыс істеп тұр. Суару станциясының аға операторы Николай Пикулиннің айтуынша, жүйе егістік алқабының барлық аумағын қамтып, судың біркелкі берілуін қамтамасыз етеді.
Ертіске қосылған Лебяжин суару жүйесін қолданамыз. Мұндай жүйе әсіресе аптап ыстық кезінде өте қолайлы. Техника тұрақты жұмыс істеп, су біркелкі беріледі. Нәтижесінде өнім көлемі шамамен 30 пайызға артты, — деді Николай Пикулин.
Кәсіпорынның техникалық паркі 193 ауыл шаруашылығы техникасынан және алты жаңбырлатып суару құрылғысынан тұрады.
Биыл жалпы аудан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 120,5 мың гектар алқапқа орналастыру жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,7 мың гектарға артық.
Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар былтыр 33,7 мың гектарды құраса, биыл көлемі 39,3 гектарға ұлғайған. Атап айтқанда, бидай – 32,3 мың гектар, арпа – 7 мың гектар, қарақұмық – 0,9 мың гектар.
Майлы дақылдардың көлемі 33,2 мың гектардан 35 мың гектарға жеткен. Оның ішінде 34,8 мың гектарды күнбағыс алып отыр. Жем-шөп дақылдары былтырғы көлемді сақтап отыр, яғни 45,8 мың гектар жерге егілген. Картоп 0,3 мың гектарға артса, көкөніс пен бақша дақылдары 0,29 мың гектардан 0,1 мың гектарға азайған.
Аймақ басшысы көкөніс пен бақша дақылдарының көлемін бәсеңдетпей, бақылауға алуды тапсырды.




