Өскемен қаласының полиция қызметкерлері «Шешек» демалыс аймағындағы сәндік конструкцияны бүлдірген елордалық тұрғынды қолға түсірді. Жас жігіттің әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған, деп хабарлайды F16.kz.
Облыс орталығына қонаққа келген елорданың 20 жастағы тұрғыны демалыс аймағында ерекше суретке түспек болған. Ол үшін «CHECHEK» сәндік жазуына шығып, салдарынан конструкцияны бүлдірген.
Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің “Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру” және “Ұсақ бұзақылық” баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Жас жігіт 24 сағатқа әкімшілік қамауға алынды. Одан әрі процессуаллық шешім қабылдау үшін материалдар Өскемен қалалық сотына жолданды, — дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті азаматтарға абаттандыру нысандары мен қоғамдық мүлікті ұқыпты пайдалану қажеттігін еске салады.




