Шығыс Қазақстан облысында су айдындарының жағалауын тазарту және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы экологиялық іс-шаралар жалғасуда, деп хабарлайды F16.kz сайты.
ШҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Орман және аңшылық шаруашылығының жедел қимыл отрядының инспекторлары РММ «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» Күршім балық шаруашылығы инспекциясы бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп Бұқтырма су қоймасындағы «Тораңғы» шығанағының жағалауы мен Ертіс өзенінің жағалауында санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді.
Тазалық акциясы барысында жағалау аумақтары тұрмыстық қалдықтардан, пластик бөтелкелерден, шыны ыдыстардан, полиэтилен қаптардан және басқа да қоқыстардан тазартылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде шамамен 1 250 килограмм қатты тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы қоқыс полигонына шығарылды.
Экологиялық акцияға барлығы 10 қызметкер қатысып, су айдындарының жағалауын таза ұстауға және табиғи ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.
Мұндай іс-шаралар өңірдің табиғи байлығын сақтау, су экожүйесін қорғау және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.





