Шығыс Қазақстан облысында туристік нысандарға апаратын автомобиль жолдарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл өңірдегі таулы курорттарға баратын 100 шақырымнан астам жол жөндеуден өтуде. Бұл туристер үшін қолайлы әрі қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Ең ауқымды жұмыстардың бірі Катонқарағай ауданындағы «Рахман қайнары» шипажайына апаратын күрделі таулы жолда жүргізілуде. Мұнда алғаш рет асфальт жабыны серпантинді және еңісі тік учаскелерге төселіп жатыр. Сонымен қатар жол жиегі нығайтылып, жаяу жүргіншілерге арналған бөліктер кеңейтілуде.
Жобаның маңызды инженерлік нысандарының бірі – Берел өзені арқылы өтетін жаңа көпір. Ол ескі ағаш аспалы өткелдердің орнына салынып, туристердің биік тауда орналасқан Язевое көліне қауіпсіз әрі жайлы қатынауына мүмкіндік береді.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы филиалы директорының орынбасары Әділет Жампейісовтің айтуынша, өткен жылы жолдың ені 4 метрден 8 метрге дейін кеңейтіліп, 23 су өткізгіш құбыр орнатылған.
– Биыл жұмыстар жалғасуда. Ұзындығы бес шақырым болатын учаскеде жолдың негізі құм-қиыршық тас қоспасымен тегістеліп, қазіргі уақытта қара қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді ол.
Жол сапасының жақсаруы мен демалыс маусымының қызған кезеңі «Рахман қайнарына» келетін туристер санын едәуір арттырды. Алайда келушілер тарапынан туристік нысандағы қызмет көрсету сапасына қатысты бірқатар мәселелер көтерілуде.
Туристердің айтуынша, көлге кіру алдында тіркеу рәсімінің ұзаққа созылуына байланысты кезек көбейіп, келушілер көп уақыт жоғалтады. Сонымен қатар санитарлық тораптардың жеткіліктілігі мен тұрмыстық қалдықтарды уақытылы жинау мәселелері де өзекті күйінде қалып отыр.
Мамандардың пікірінше, жол инфрақұрылымын жаңартумен қатар туристік сервистің сапасын арттыру да маңызды. Бұл өңірдің туристік әлеуетін толық пайдаланып, демалушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.




