Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілер арасында пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды.
«Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп аталған пікірсайыс додасына облыстық басқармалар мен аудан әкімдіктерінің мемлекеттік қызметшілерінен құралған 16 команда қатысты.
– Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің зияткерлік әлеуетін арттыру, сыни ойлау және шешім қабылдау дағдыларын дамыту, сондай-ақ шешендік өнері мен өз ойын дәлелді жеткізу қабілетін жетілдіру, – дейді ұйымдастырушылар.
Қатысушылар өзара пікір алмасып, өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен қорғап, өзекті мәселелер бойынша ойларын ортаға салды. Хәкім Абайдың нақыл сөзін ту еткен пікірсайыс барысында мемлекеттік қызметшілердің білім деңгейі, логикалық және сыни ойлау қабілеті, шешендік шеберлігі мен командалық жұмыс дағдылары сыналды.
Сайыс қортындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының Цифрландыру және архивтер басқармасы I орынды иеленді. II орын Шығыс Қазақстан облысының Білім басқармасының еншісінде. III орынға Зайсан ауданы әкімдігінің мамандары лайық болды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А.Садырбаев, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Е.Айқымбеков және Мемлекеттік басқару академиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының доценті А.Сейлхан жеңімпаздарды марапаттады.




