Өскемен қаласындағы Сәтбаев даңғылында салынып жатқан жол айрығының құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды F16.kz.
Мердігер «ВК Техногрупп» компаниясы бұған дейін жол айрығына апаратын кірме жолдарды салу жұмыстары аяқталғанын хабарлаған. Одан кейін мамандар асфальт төсеуге кірісті.
Енді нысанда барьерлік қоршаулар орнатылып, жарықтандыру жүйесі іске қосылуға тиіс.
Ауқымды инфрақұрылымдық жоба аясында күрделі инженерлік жұмыстар жүргізілді. Қазір құрылысшылар қалған жұмыстарды аяқтап, көлік қозғалысын ашуға дайындық жүргізіп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімдігінің отырысында Сәтбаев даңғылы бойындағы қозғалысты қазан айының соңына дейін ашу жоспарланғаны айтылған. Алғашқы кезеңде көлік қозғалысы бір бағытта ғана ұйымдастырылуы мүмкін.
Сондай-ақ жолға бетон жабындысын төсеу, гидрооқшаулау жұмыстарын жүргізу және екі қабатты асфальт төсеу жұмыстары 25 қазанға дейін аяқталуға тиіс.
Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталса, жол айрығының ашылуы қаладағы көлік қозғалысын реттеуге және Сәтбаев даңғылы бойындағы жол қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.




