Абай облысының аумағында ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Шығыс Қазақстан облысынан көрші өңірге қосымша жасақ барды, деп хабарлайды F16.kz.
Абай облысындағы елді мекендерде, көшелер мен көлік жолдарында полицияның қосымша жасақтары қызмет атқаруда. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан және Павлодар облысының полиция қызметкерлері бар. Бұл туралы Абай облысы полиция департаменті хабарлады.
Полицияның мәлімдеуінше, басқа өңірлер мен елордадан қосымша күштерді тарту тәжірибесі жүйелі түрде жүзеге асырылады. Еліміздің өзге қалаларында да бұл тәсіл тұрақты қолданылады. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Полиция тұрғындар мен облыс қонақтарын жол қозғалысы ережелерін, белгіленген жылдамдық режимін және қоғамдық тәртіпті қатаң сақтауға шақырады.




