Күршім ауданына қарасты Құйған ауылында жастар және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы салынып жатыр. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапары барысында нысанда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды F16.kz.
Ғимараттың құрылысын жүргізу жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға биыл «ДОСПроектСтрой» ЖШС-мен қол қойылған. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр.
Бүгінде ғимараттың негізгі құрылысы аяқталған. Шатыр орнатылып, сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді. Терезелер мен есік блоктары да қойылған. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары орындалуда. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Осы орталықтың салынуын тұрғындар талайдан бері сұрап жүрген. Жастар да, қарттар да бұл жерге келіп, уақыттарын пайдалы өткізе алады. Жас буын үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ түріп, түрлі іс-шаралар, кездесулер ұйымдастырады,-деді аймақ басшысы.
Ауыл тұрғындары бос уақытын өткізіп. шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беретін орталықтың құрылысы жыл соңына дейін аяқталуға тиіс.




