Былтыр Үлкен Нарын ауданында халқы көшіп, қараусыз қалған бір ауыл жабылды. Осылайша ауылдар саны 20-ға азайды, деп хабарлайды F16.kz.
Қазіргі күні Үлкен Нарын ауданында 11 мың адам тұрады. Бір жылда халық саны 56-ға азайған. Аудан әкімі Елдос Байрахметов халықтың жағдайын жақсарту үшін инфрақұрылым тартылып, жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Былтыр 21 ауыл болған, өкінішке орай 1 ауыл жабылды. Негізі ауылдан адам көшпеуі үшін мектептерді ұстап тұруымыз керек. Білім ордасы жабылса ата-ана бала үшін көшуге мәжбүр болады, тұрғындарды негізгі тұрақты жұмыспен қамтып отырған да сол мекеме. Жасыратыны жоқ, мектептерде бала саны аз, тіпті кейбір сыныптар жоқ ауылдар бар. Бірақ өзге өңірлерден адамдар көшіріп әкеп, орналастыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Демеушілердің көмегімен шағын ауылдардан үй сатып алдық. Келуге ниет білдіргендер болса барынша көмектесеміз, — дейді аудан әкімі.
Сондай-ақ ол өз сөзінде жол, ауыз су мәселесін кезең-кезеңімен шешіп, абаттандыруға да көңіл бөліп жатқанын атап өтті.