Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы құны 10 миллиард теңге болатын инвестициялық жобаның бұзылуына жол бермеді, деп хабарлайды F16.kz тілшісі ШҚО прокуратурасының сайтына сілтеме жасап.
Шығыс Қазақстанның Алтай ауданында «Мойылды Байқоңыр» ЖШС тауарлы сүт фермасының құрылысы белсенді жүргізілуде. Жоба өңірдегі ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатыр.
Еске салайық, 2024 жылдың басында инвестор, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және «Ертіс» ӘКК 4,6 миллиард теңгеге мемлекеттік қарыз беру туралы үшжақты келісімшарттар жасасқан болатын.
Нысанды 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған еді, алайда инвесторға тәуелді емес объективті себептер бойынша облыс әкімдігінің уәкілетті комиссиясы бұл мерзімді 2025 жылдың желтоқсанына дейін ұзартты.
Осыған қарамастан, «Ертіс» ӘКК шартты бұзуды талап етіп, сот процесіне бастамашылық жасады, бұл 50 жұмыс орнын құруды көздейтін жобаның іске асуына қауіп төндірді.
– Жағдай облыс прокуратурасының араласуынан кейін шешілді. Қадағалау органы талап арызды қайтарып алуға қол жеткізді, ал кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды ШҚО прокуратурасынан.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Естеріңізге сала кетейік, егер сіз инвестор болсаңыз және жобаны іске асыруда проблемалар туындаса, Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының call-орталығына: 8 (7232) 24-55-03, 8 (707) 144-00-16 телефондары арқылы хабарласа аласыз.