Бірнеше күн бойы Төр Алтайдың төрін дүбірге бөлеген дүбірлі мереке өз мәресіне жетті. Ат тұяғының дүбірі мен домбыраның күмбірі қатар өрілген бұл күндер – түркі рухын ұлықтаған шынайы той болды. «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль Алтай қойнауын ән мен жырға, шабыт пен шаттыққа бөлеп, бабалардың аманатын бүгінгі ұрпаққа тағы бір мәрте ес салды.
Бұл күндері Катонқарағай төрі бауырлас елдердің басын қосқан мәдени диалог алаңына айналды. Саха елінен, Қырғызстан мен Түркиядан, еліміздің әр өңірінен келген ақын-жазушылар, әншілер, қолөнер шеберлері, спортшылар — бәрі де рухани үндестік пен мәдени мұраны ортақ қазына ретінде ұлықтауға жиналды. Жүрек пен сөз, шабыт пен өнер, сана мен тарих тоғысқан үш күн – нағыз рухани жаңғырудың үлгісі.

Әдебиетпен басталған үш күндік мереке
Фестиваль шымылдығы жазушылар Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханның 75 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференциямен ашылды. Бұл – Катонқарағайдай қасиетті топырақта туған қаламгерлердің ел мен жерге сіңірген еңбегіне тағзым. Шара барысында қос қаламгердің шығармаларына арналған көрме ұйымдастырылып, суретшілердің қылқаламынан туған портреттер мен көркем туындылар қойылды.

Жиында жазушы Елдос Тоқтарбай айтқан ұсыныс көптің көңілінен шықты:
— Катонқарағай – тек табиғатымен емес, әдебиетімен де асқақ. Бұл жер жазушылардың отаны. Сондықтан мұнда әдеби музей ашылуы қажет. Бұл — өскелең ұрпақ пен сырттан келген туристер үшін де рухани тәрбие көзі болар еді.

Тұлпарлар тұяғы дүбірлеткен жарыс
Конференциядан соң қалың жұрт ат шабарға қарай ағылды. Мұнда ұлттық спорт түрлерінен сайыстар басталды.
Ат жарысының 25 шақырымдық аламан бәйгесі — ел назарын аударған басты сайыстардың бірі болды. Қаймана халық көмбеде тақым қысып, үміт күткен тұлпарын қолдады. Бәсеке тартысты өтті: мәреге бірінші болып Тарбағатайдың жүйрігі жетті. Артынша Күршім мен Зайсан шабандоздары үздік үштікті түйіндеді.
Көкпар додасы да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ұлан ауданының көкпаршылары үздік атанып, Самар мен Риддер командалары жүлдегер атанды.

Алау басындағы жыр
Кешқұрым Топқайыңның баурайында ерекше жыр кеші өтті. Таудың бауырындағы табиғи амфитеатрда алау жағылып, сахна төңірегінде жыр сүйер қауым жиналды.
«Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды» атты поэзия фестиваліне еліміздің маңдайалды ақындары қатысты. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов және басқа да зиялы қауым өкілдері шараның мән-маңызына тоқталды.
— Қалихан мен Дидахмет – қазақ әдебиетінің ғана емес, бүкіл түркі руханиятының қос алыбы. Бұл кеш – ұлттың рухани іргетасына айналған тұлғаларға тағзым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бастамалары осындай шараларда өміршеңдігін дәлелдей түсуде, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айтыс – алтын арқау, сөз – төре
Фестивальдің келесі күні халықаралық ақындар айтысы өтті. «Алтай – алтын бесігім» атты бұл додада еліміздің әр өңірінен келген, сондай-ақ көршілес елдердің майталман ақындары сөз сайыстырды. Алаңда орын таба алмаған жұртшылық жерге төсеніш төсеп, айтысты сүйсіне тамашалады.
Бас бәйге Дидар Қамиевке бұйырса, бірінші орынды Абай облысынан келген Рүстем Қайыртай иеленді. Атырау, Сыр өңірі, Шығыс Қазақстан ақындары жүлделі орындарды еншіледі.
Алтайды ән тербеді
Фестивальдің ең әсерлі сәті — гала концерт болды. Бұл кеште шет елдерден келген өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, бауырластықты әнмен ұлықтады. Әсіресе, сахалық 7 жасар Архан Уйгу «Домбыра» әнін орындап, облыс әкімінен домбыра сыйға алды. Қырғыз әншісі Нұрайым Ақылбекова «Жалғызымсың» әнімен халықты елжіретті.
Шараның шарықтау шегінде әйгілі «Музарт» тобы сахнаға шығып, Алтайды әнмен тербетті. Жиналған көпшілік ұзақ қол шапалақтап, ризашылықпен тарасты. Осылайша, Алтай тек табиғатымен емес, рухымен де түркі әлемінің алтын бесігі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.





