Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтар үшін дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды F16.kz тілшісі бейінді министрлікке сілтеме жасап.
Осы жұмыстың шеңберінде ведомство «Химфарм» АҚ, «Johnson & Johnson Kazakhstan» ЖШС және «АстраЗенека Қазақстан» ЖШС сияқты жетекші фармацевтикалық компаниялармен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Келісімдер бірқатар қымбат және әлеуметтік маңызы бар препараттың бағасын төмендетуге бағытталған.
– Мұндай бастамалар фармацевтикалық нарықтағы тұрақтылықты нығайтуға, пациенттердің қазіргі заманғы препараттарға қолжетімділігін кеңейтуге, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсартуға және өндірісті оқшаулауға ықпал ететініне сенімдіміз, – деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құжатқа қол қойғаннан кейін.
Келісім шеңберінде «АстраЗенека Қазақстан» ЖШС бөлшек және көтерме саудада бірқатар өмірлік маңызды препараттың бағасын төмендетуді жоспарлап отыр, бұл азаматтардың қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуін арттыруға және халықтың инновациялық терапияға қолжетімділігін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Johnson & Johnson» компаниясымен меморандум шеңберінде сирек кездесетін, бірақ прогрессивті және өмірге қауіп төндіретін ауру саналатын жұлынның бұлшықет атрофиясын емдеуде қолданылатын Спинраза (Нусинерсен) препаратының баға саясатын қайта қарау туралы келісімге қол жеткізілді.
Тағы бір маңызды қадам «Химфарм» АҚ-мен меморандумға қол қою болды. Компания 2 типті қант диабетін емдеу үшін қолданылатын Дапаглифлозин препаратының сатып алу бағасын төмендетуге дайын екенін растады. Бұл – әлемдегі ең көп таралған инфекциялық емес аурулардың бірі, Қазақстанда 520 мыңнан астам адам қант диабетімен ауырады, оның 492 335-і 2 типті ҚД-ға келеді.




