Бүгін, 23 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл туралы Президент кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Telegram арнасында жазды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы медицина қызметкерлеріне күш көрсету, қорлау және оларға қатысты қатыгез әрекеттер жасау жағдайларына байланысты жазаны күшейтуге бағытталған заңнама өзгерістерін қолдайды. Бұл бастама — Парламент депутаттары, денсаулық сақтау саласының мамандары мен азаматтық қоғам белсенділерінің ұсынысы негізінде көтерілген.
Президенттің пікірінше, дәрігерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін мұндай оқиғаларға «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында қатаң құқықтық шаралар қолданылуға тиіс.
Осыған байланысты Үкіметке заңнамалық өзгерістер жобасын әзірлеу тапсырылды. Бұл түзетулер алдағы уақытта Парламентте қоғам өкілдерінің қатысуымен талқыланбақ.
Елімізде ақ халаттыларға жасалған күш көрсету фактілері азаймай тұр. Мәселен, биылғы 17 шілде күні Қостанай және Қарағанды қалаларында осындай екі оқиға тіркелді.