Өскемендегі қоғамдық тамақтану орындарының бірінде болған адамдардың жаппай ауруханаға түсу оқиғасына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды F16.kz.
Болған оқиғаға байланысты «санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, — деді ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін жазғанымыздай, Өскемендегі мейрамханалардың бірінде болған салтанатты жиынан кейін жаппай жедел ішек инфекциясымен сырқаттану жағдайы тіркелген. 29 шілдедегі мәлімет бойынша, науқастарда жедел гастроэнтеритке тән белгілер байқалған: жүрек айну, құсу, дене қызуының көтерілуі, іштің ауыруы және іш өту. Бірнеше адам ауруханаға жатқызылып, қалғандары амбулаториялық ем қабылдады.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жатқызылғандардың басым бөлігінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. Науқастарға қажетті ем көрсетілді, олардың жағдайы қалыпты. Амбулаториялық ем қабылдап жатқандардың жағдайы қанағаттанарлық, олар дәрігерлердің бақылауында.