Өскемен қалалық №2 сотында өзін жұртшылыққа блогер, қоғам белсендісі және құқық қорғаушы ретінде таныстырып жүрген азаматқа қатысты үкім шықты. Ол қасақана ауыр қылмыс жасаған, яғни жәбірленушілерді немесе олардың туыстарын масқаралайтын мәліметті таратамын деп қорқытып, бопсалаумен айналысқан, деп хабарлайды F16.kz.
Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, К. есімді Өскемен тұрғыны 2021 жылдың шілде айынан бастап былтырғы мамырға дейінгі аралықта алты жәбірленушіге қатысты төрт рет бопсалау әрекетін жасаған. Атап айтқанда, 2021 жылғы 14 шілдеде К. жәбірленушілер У. мен О.-дан олардың отбасылық жанжалы түсірілген бейнежазбаны әлеуметтік желіден өшіру үшін 21 000 теңге талап еткен. Бұл бейнежазбаны ол ұялы телефонына түсіріп, кейін әлеуметтік желіге жариялаған. Көрсетілген соманы алғаннан кейін бейнежазбаны өшірген.
2023 жылғы 6 мамырда К. жәбірленуші Д.-ның көлік жүргізу құқығы жоқ екенін біліп, оған полиция қызметкерлерін шақырамын деп, сондай-ақ оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаймын деп қорқытып, одан 140 000 теңге талап еткен.
2024 жылғы сәуірде К. Instagram желісінде Ш.-ның мектептерге генераторларды жоғары бағамен жеткізгені туралы бейнеролик жариялап, құқық қорғау органдарын осы факті бойынша тексеру жүргізуге шақырған. Кейін ол бұл жазбаны өшіру үшін Ш.-дан 700 000 теңге талап еткен.
2024 жылғы 27 мамырда полицейлер К.-нің бұрынғы жұбайына жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін хаттама толтырған. Осыдан кейін К. полиция қызметкерлері А. мен Д.-ның соңына түсіп, оларды ұялы телефонына таспалап, әлеуметтік желіге құқықбұзушылық жасады деп айыптап бейнематериалдар жариялаған. Сонымен қатар олардан бұрынғы жұбайының айыппұлын төлеуді, оған гүл шоғын сыйлап, кешірім сұрауды талап еткен. Жоғарыда аталған әрекеттерді тоқтату мақсатында А. мен Д. оның талаптарын орындауға мәжбүр болған, – деп жазды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Блогер өз кінәсін мойындамады, соттан ақтау үкімін шығаруды немесе бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сот оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол үш жәбірленушіге моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге тиіс — жалпы сомасы 500 мың теңге.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.