Шығыс Қазақстанда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Туған жер – алтын бесігім» жобасы биыл Катонқарағай ауданының мәдени күндерімен жалғасты. Ауқымды жоба аясында өңірдің аудандары мен қалалары өздерінің тарихын, мәдениетін, өнері мен табиғи ерекшеліктерін таныстырып, көпшілікке туған жерінің тағылымын насихаттайды. Жыл қорытындысы бойынша үздік жобалар мен бастамалар анықталып, жеңімпаздар марапатталады, деп хабарлайды F16.kz сайты.
Биылғы мәдени күндер Катонқарағай ауданының табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстыруға арналды. 2 қазанда Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында өткен шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысып, ауданның көрмелерімен танысты.
Филармония фойесінде ұйымдастырылған көрме Катонқарағайдың сан қырлы болмысын бір кеңістікке тоғыстырды. Мұнда өлкенің табиғаты, тарихы, мәдениеті, қолөнері, туризмі мен бүгінгі тынысы көрініс тапты. Көрме көпшілік назарын аударып, келушілер Катонқарағайдың табиғи және рухани мұрасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Экспозицияның ерекше нысандарының бірі – ауданның шағын макеті. Онда Катонқарағайдың табиғи ерекшеліктері, өсімдіктері мен жануарлар дүниесі, аудан орталығы мен ауылдық елді мекендері бейнеленген. Макетті Сейітқамза Ластаев атындағы орта мектептің оқушысы Балым Серікқызы әзірлеген.
Жас автор өз жобасына табиғатты қорғауға бағытталған заманауи идеяны да енгізген. Атап айтқанда, туристер көп баратын орындарға орнатуға болатын, қоқысты өздігінен сұрыптайтын әрі күн энергиясымен жұмыс істейтін «ақылды» қоқыс жәшігінің үлгісін жасаған.
Көрме барысында облыс әкімі жас өнертапқыштың жобасымен танысып, оқушылардың ғылыми және шығармашылық жұмыстарын көрді. Жас ұрпақтың ғылымға, жаңа технологияларға және жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдануға қызығушылық танытып отырғанына назар аударып, ұсынылған жобаларға жоғары баға берді.
Катонқарағайдың тарихи-мәдени мұрасы да көрменің негізгі мазмұнының біріне айналды. Оралхан Бөкейдің музей-үйі ұсынған жәдігерлер арқылы әйгілі жазушының өмірі мен шығармашылық әлемі таныстырылды. Экспозициядан қаламгердің жеке заттары, сирек фотосуреттері және Шыңғыстай ауылындағы мектептің ескі суреті орын алды.
Сондай жәдігерлердің бірі – қарапайым ағаш астау. Бұл бұйым Оралхан Бөкейдің әжесіне арналған «Апамның астауы» әңгімесімен байланысты. Кезінде осы астауға ас салынып, кішкентай Оралханға тартылған екен. Мұндай құнды дүниелер жазушы шығармашылығының тамырын, туған жермен байланысын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.

Мәдени күндер аясында Катонқарағайдың рухани мұрасы сахна төрінде де кеңінен көрініс тапты. Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Тәртіп шежіресі – Шығыс қалқаны» атты гала-концерт өтті.
Концерттік бағдарламада халық әндері, заманауи музыкалық шығармалар, дәстүрлі күй, би және поэзиялық қойылымдар орындалды. «Алтын домбыра» балалар оркестрінің орындауындағы «Ер Тұран» күйі, «Айдай» бишілер тобының билері, сондай-ақ «Тұман», «Домбыра», «Батыр бабам – Қабанбай», «Дала ерлері», «Рух», «Отан», «Катон» сынды музыкалық шығармалар көрерменге ұсынылды.


«Тәртіп шежіресі – Шығыс қалқаны» концертінің мазмұнында ұлттық құндылықтар мен заманауи өнер сабақтастығы айқын көрінді. Әсіресе әскери даярлық элементтері мен атадан балаға жалғасқан дәстүрлі жауынгерлік өнер үлгілерін ұштастырған қойылымдар көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Биылғы Катонқарағайдың мәдени күндері ауданның табиғаты мен тарихын ғана емес, оның бүгінгі шығармашылық тынысын, жас ұрпақтың ізденісін және мәдени әлеуетін танытқан мазмұнды шараға айналды.
«Туған жер – алтын бесігім» жобасының басты мақсаты да – туған өлкенің тарихы мен мәдениетін дәріптеу, жергілікті өнер мен таланттарды қолдау, табиғи және тарихи мұраны насихаттау арқылы елдің туған жерге деген құрметін арттыру.
Катонқарағайдың Өскемендегі мәдени күндері осы мақсаттың нақты көрінісіне айналды. Көрмелер мен концерттік бағдарламалар арқылы Алтайдың табиғаты, елдің тарихы, ұлттық өнері мен бүгінгі жетістіктері бір арнада тоғысты.
Мәдени күндер аясындағы шаралар әрі қарай да жалғасып, Катонқарағайдың ауыл шаруашылығы өндірушілері мен жергілікті кәсіпкерлерінің өнімдері ұсынылатын жәрмеңкемен қорытындыланды.






