Арбатта қымызмұрындық ғұрпы ұлықталады. Ұмытылып бара жатқан мерекеде қала тұрғындары мен қонақтары қымыздан дәм татып, сауын маусымын ашады, деп хабарлайды F16.kz.
Шараны облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы дәстүрді қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырып отыр.
Қымызмұрындық — ел жайлауға шыққанда аталып өтетін қымыз тойы. Ол халқымыздың қонақжайлылығын, жомарттығын, мейірімділігі мен бірлігін көрседі.
Жиналғандар Ұлы даланың қасиетті сусынын дайындау тәсілімен және онымен байланысты дәстүрлермен танысады, — деді ұйымдастырушылар.
Мерекелік шарада облыстық филармонияның әншілері, «Нұр-Алтай» би ұжымы, «Ақниет», «Атамұра» ансамбльдері, «Белес» этно-фольклорлық тобы және әнші Аслан Шыңғысбекұлы өнер көрсетеді. Мереке сағат 12.00-де басталады.
Сондай-ақ викториналар, ұлттық ойындар, қолөнершілер көрмесі мен ұлттық тағамдардың жәрмеңкесі өтеді.
Мереке барысында атақты шебер, жерлесіміз Сержан Баширов пен Астана, Алматы, Қарағанды қалаларынан келген қолөнершілерінің шеберлік сағаты өтеді. Ниет білдірушілер сағат 14.00-17.00 аралығында Арбат алаңына қатыса алады.