Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Риддер жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары туралы баян етті, деп хабарлайды F16.kz.
Сонымен қатар жиында өткен жылыту маусымы қорытындыланып, алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық мәселелері талқыланды.
ШҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде өткен жылыту маусымы тұрақты өтті. Жылумен қамтуда елеулі іркілістер болған жоқ. Технологиялық ақаулар саны 10%-ға азайды. Қабылданған шаралар нәтижесінде жылу электр станцияларын жаңғыртуға бөлінген қаржы көлемі 44%-ға, ал жылу желілерін жаңғыртуға бөлінген қаржы 30%-ға артты. Биыл мамырда Астана, Көкшетау, Қызылорда және Риддер қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтік қордан 25 млрд теңге бөлу туралы қаулы қабылданды.
Облыс әкімі берген ақпаратқа сәйкес, станцияны дайындау жұмыстар кестеге сай және Энергетика министрлігімен келісілген тәртіпте жүргізіліп жатыр. Қазан агрегаттары мен жылу желілерінің дайындығын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімін бақылауды жергілікті атқарушы органдар Энергетикалық қадағалау комитетінің аумақтық бөлімшесімен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі