Шығыс Қазақстан облысында Президент тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында заманауи білім беру нысандары бой көтеріп жатыр. Сондай бүгінгі заман талабына сай жаңа мектеп Риддер қаласында бой көтерді, деп хабарлайды F16.kz.
«Келешек мектебі» аясында ашылған Риддер қаласындағы жаңа білім ордасы 600 балаға арналған. Бұл мектепте апатты жағдайдағы бұрынғы №12 (1935 жылғы) және №9 (1938 жылғы) білім ошақтарының оқушылары оқиды. Қазір мұнда 530 оқушы білім алып жүр. Ғимараттың жалпы ауданы стандартты нормадан 20% үлкен, бұл оқу кабинеттері мен қосымша бағыттағы сыныптарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктарда оқу кабинеттері, санитарлық тораптар және спортзалдар қарастырылған.
Жаңа нысанда барлығы 26 оқу кабинеті бар, оның ішінде роботты техника, инклюзия, визуалды жобалау және графика кабинеттері, шеберханалар, STEM зертханасы, ойын бөлмесі жабдықталған. Сонымен қатар ресурстық орталық, акт залы, электронды кітапхана, медпункт, хореография залы, екі спортзал мен асхана жұмыс істейді.
Мектеп кеңістігі жас ерекшеліктеріне қарай бейімделген. Атап айтқанда бастауыш, орта және жоғары сыныптарға арналған жеке коворкинг аймақтарымен қамтамасыз етілген. Бұл оқушылар мен педагогтарға жайлы орта қалыптастырады.
Инклюзивті білім беру үшін инклюзия кабинеттері, сенсорлық бөлмелер, логопед, психолог және әлеуметтік педагог қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі балаларға да барлық жағдай жасалған. Олардың мектеп ішін еркін аралауына мүмкіндік жасалған, арнайы лифт орнатылған.
Оқушылардың денсаулығын сақтау мақсатында ауызсу фонтандары мен өзгермелі парталар қойылған. Әр қабатта оқушыларға арналған демалыс аймақтары бар. Қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау және дабыл түймелері орнатылған.
Мектеп аумағында әмбебап спорт алаңдары, жас ерекшелігіне қарай бөлінген ойын аймақтары, жарыс өткізуге арналған стадион мен футбол алаңы бар.
ШҚО әкімінің баспасөз қызметі
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі