Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылының іргесінен ағатын Бұқтырма өзені бір көшенің тұрғындарына қауіп төндіріп тұр.
Жергілікті жұрт, өзен арнасының бұрылуына жағалаудан көп мөлшерде қиыршық тас пен құм қазып әкетуі себеп болғанын айтады, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Арыны қатты асау өзен жағалауды «жеп», елдің бақшасына таяп қалды. Ауылдағы ағайын «енді бірер жылда Бұқтырма тұтас бір көшені ағызып әкетеді» деп дабыл қағып отыр.
Ауылдың тағы бір тұрғыны Ермек Сатышевтың айтуынша, дамбыны үш рет салған. Дегенмен, одан нәтиже жоқ.
— Үш рет салған дамбыдан түк жоқ, әне. Дамбы салудың аты – ақша жуу. Ертеңгі күні ол жерде мал құлайды. Малды қойып, адам құлайды. Анандай жартас еш жерде жоқ. Қанша рет айттық. Шіркін-ай, егер мына жерде Бердібек Сапарбаев аман-есен жүрсе, баяғыда осыны бір жағына шығаратын еді. Сапарбаев арқылы басталған болатын, қалды сол қалпы. Одан кейінгілер келді, ақша жуып кетті, — дейді шыңғыстайлық тұрғын.
Ал Катонқарағай ауданының әкімдігі бұл мәселенің аудан әкімінің тікелей бақылауында тұрғанын айтады.
Айтуларынша, аудан әкімі Данияр Дүйсембаев төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нияз Арманов және «КажСервис» ЖШС-ның 27-жол пайдалану уческесінің басшысы Данияр Қабдуалиевпен кездесу өткізген екен. Кездесуде көктемгі су тасқынына дайындық, аудан аумағындағы көпірлер мен су өткізгіш құбырларды қар мен мұздан тазарту мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар беріліпті. Аудан басшысы табиғи апаттардың алдын алу шараларының маңыздылығын айта отырып, осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін ескерткен.
Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нияз Армановқа аудандағы су тасқыны болу қаупі жоғары аймақтарды анықтап, алдын алу шараларын уақтылы орындау және жеке құрамның, техникалардың дайындығын үнемі бақылауда ұстау тапсырылды.
Ал 27-жол учаскесінің басшысы Данияр Қабдуалиевке жолдың уақтылы, сапалы тазалануын әрі еріген қар суының жолға жайылып кетпеуін қадағалау сияқты нақты тапсырмалар берілген.
Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаев бұл мәселемен арнайы барып танысып қайтқанын мәлім етті.
Фото: F16.kz