Бүгін, 16 сәуірде Астанада «Жаһандық өзгерістер дәуіріндегі Орталық Азия. Стратегиялық даму құралы ретіндегі медиа» атты II Орталық Азия медиафорумы басталды. Екі күнге созылатын форумға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлыбритания, Қытай, Катар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам делегат қатысып жатыр, деп хабарлайды F16.kz “Қазақпарат” халықаралық агенттігіне сілтеме жасап.
Алқалы жиында Орталық Азия елдерінің ақпарат құралдары үшін жаңа даму мүмкіндіктері мен ынтымақтастық мәселелері, жаһандық медианың дамуы, болашақтың ақпараттық кеңістігін қалыптастыру, жасанды интеллект және медианың цифрлық трансформациясы, сондай-ақ мемлекеттің имиджін қалыптастырудағы әлеуметтік желілердің рөлі қатарлы тақырыптар талқыланады.
ОРТАҚ ТЕЛЕАРНА
Форумда сөз сөйлеген еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия қазір Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпір әрі транзиттік хаб ретінде ғана емес, зор инвестициялық, сауда-экономикалық, туристік және мәдени-гуманитарлық әлеуеті бар ауқымды орталық ретінде қарастырылатынын атап өтті.
ЖАЛҒАН АҚПАРАТПЕН КҮРЕС
Форумда талқыланған тағы бір тақырып –Орталық Азия журналистерінің арасындағы ынтымақтастық. Осы орайда Қазақстан мен Өзбекстан алдағы уақытта журналистерге арнап тренингтер мен семинарлар өткізуге, жас мамандарды қолдау көрсетуге, жалған ақпаратпен бірлесіп күресуге уағдаласты.
Сондай-ақ тараптар тәжірибе алмасу және кәсіби байланыстарды дамыту мақсатында екі елдің журналистері үшін баспасөз турларын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Болашақта бұл бастамаға Орталық Азияның барлық елін тарту көзделіп отыр.
КРЕАТИВТІ ХАБ, БАҚ СЫЙЛЫҒЫ
ІІ Орталық Азия медиафорумында журналистерге қатысты Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан бірқатар ұсыныс айтылды. Атап айтқанда:
· елдердің ғылыми және білім беру әлеуетін біріктіре отырып, Орталық Азия журналистика академиясын құру;
· жастардың дарынды өкілдері үшін шығармашылық орталығы болуды көздейтін Орталық Азия креативті хабын құру;
· үздік жұмыстарды атап өтуге және лайықты журналистер мен контентмейкерлердің еңбегін тануға мүмкіндік беретін журналистика саласындағы Орталық Азия сыйлығын тағайындау;
· «Біздің адамдар» тележобасын іске қосу, ол арқылы қоғамның ең лайықты өкілдері, тұратын еліне және қарым-қатынас тіліне қарамастан, жастарды шабыттандыратын және оларға өнеге болатын тұлғалар туралы әңгімелейді;
· Наурызға арналған телекөпір ұйымдастыру, елдерге ортақ мереке күндері біріге түсуге мүмкіндік береді;
· бауырлас елдердің телеарналары үшін телеөнімдерді қолжетімді ету, сериалдар және өзге де өнімдер үшін ең төменгі төлемді белгілеу немесе оны мүлдем алып тастау;
· бірлескен туризм мен инвестицияны танымал етуге бағытталған бірлескен контенттің көлемін ұлғайту;
· биыл күзде «Мипком» (MIPCOM) телеөнімдерінің ең танымал көрмесінде «Central Asia» брендімен бірыңғай алаң ұсыну;
· телеарналар Орталық Азия елдеріндегі әріптестерінің өтінімдері бойынша түсірілімдерді өтеусіз негізде жүзеге асыратын алаң құру, бұл шетелдік тілшілер пункттерін ұстауға арналған шығыстарды азайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, ІІ Орталық Азия медиафорумы ертең, 17 сәуірде жалғасады. Астанаға жиылған Орталық Азияның медиа мамандары форумда бүгінгі таңдағы БАҚ саласының өзекті мәселелерін талқылап, өзара пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салып жатыр.
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform