Қазақстан атом энергетикасын дамытуды ұлттық стратегияның басым бағыты ретінде қарастырады. Бұл туралы бүгін Астана халықаралық форумына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды F16.kz.
Қазіргі уақытта әлемдегі уран қорының 40 пайызы Қазақстанның еншісінде. Сондықтан еліміз атом энергетикасын дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөледі.
– Алайда, климат дағдарысы шешілмей, ешқандай орнықты даму болмайды. Орталық Азия – планетадағы климат өзгерістеріне осал өңірлердің бірі. Мұнда ғаламдық жылыну деңгейі әлемдегі орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе жоғары. Аталған қиындықтарды еңсеру үшін өңірлік тұрғыдан үйлестірілген, прагматикалық бағыттағы климат күн тәртібін ілгерілетуге бейілміз. Оның аясында еліміз бірқатар халықаралық ұйымға мүше болып, келісімдерге қосылды, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, келесі жылы Қазақстан БҰҰ-мен бірге Өңірлік экологиялық саммитін өткізеді. Бұл алаң Орталық Азия елдерінің стратегиясын жаһандық мақсатпен ұштастыруды көздейді.
– Қазақстан өзара құрмет пен аймақтық ықпалдастықты арқау еткен Орталық Азияның тұрақтылығы берік, ынтымағы бекем, болашағы айқын болғанын қалайды, – деп мәлім етті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: akorda.kz