Өскеменде әлеуметтік сала мен спорт инфрақұрылымына қатысты ауқымды жобалар жүзеге асады. Дәл қазір облыс орталығында ипподром кешені мен волейбол орталығы салынып жатыр. Сонымен қатар екі шағын ауданда мектеп салу жоспары бар, деп хабарлайды F16.kz.
Құрылыс бөлімінің ақпаратына сүйенсек, волейбол орталығы ғимаратын салуға 4,2 млрд теңге жұмсалады. Ал ипподром кешені жобасының құны – 1,4 млрд теңге. Екі нысанның құрылысы да облыс және қала бюджеті есебінен қаржыландырылады. Нысандар жоспар бойынша 2027 жылы ел игілігіне берілуі тиіс.
«Аталған жобаларды іске асыру қаланың спорттық инфрақұрылымын дамытуға, дене шынықтырумен және спортпен айналысуға жағдай жасауға, сондай-ақ Өскемен қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған», — дейді бейінді бөлім мамандары.
Сонымен қатар 2027 жылы облыс орталығында білім нысандарының қатары толығуы тиіс. 21-ші шағын ауданда 600 оқушыға арналған бір мектеп, 26-шы шағын ауданда әрқайсысы 1 200 оқушыға арналған екі мектеп салу жоспарланған.
«Аталған жобалардың негізгі мақсаты – қала халқының өсуіне және жаңа тұрғын аудандардың қалыптасуына байланысты білім беру орындарына деген қажеттілікті қамтамасыз ету, мектептердегі оқушы орындарының тапшылығын азайту, оқушыларға қолайлы әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру және білім беру ұйымдарындағы шамадан тыс жүктемені төмендету», — делінген құрылыс бөлімінің ақпаратында.
Мамандар құрылыс жұмыстарының басталу және аяқталу мерзімдері, жобалардың жалпы құны мен қаржыландыру көздері жобалық-сметалық құжаттамаларға және тиісті бюджеттік шешімдерге сәйкес нақтыланатынын атап өтті. Сондай-ақ белгіленген мерзімнен кешіктіріліп жатқан жобалар мен нысандар жоқ екенін мәлімдеді.




