Алтайда қар барысына алғаш рет спутниктік қарғыбау тағылды, деп хабарлайды F16.kz.
Катонқарағай Ұлттық паркінің қызметкерлері Зоология институтының мамандарымен бірлесіп Алтай тауларындағы теңбіл тағының мойынына арнайы қарғыбау байлады. Осылайша қар барысы спутниктік бақылауға алынды.
– Алматыдан, Зоология институтынан келген мамандармен бірлесіп бір айдан астам уақыт бойы жұмыс жүргіздік. Осыған дейін де жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінен кейін қар барысына алғаш рет спутниктік бақылау жүргізілетін қарғыбау тағылды. Ең бірінші қар барысы жүретін соқпақтарға фототұзақтар, арнайы құрылғылар орнаттық. Содан кейін ғана барысты ұстап, қарғыбау тағылды, – дейді орманшы Жомарт Аманбаев.
Қарғыбаулы барысқа «Алтай» деген ат берілді. Спутниктік қарғыбау арқылы мамандар Алтайдың қай бағытта жүретінін, қандай аумақтарды мекендейтінін және қаншалықты алысқа баратынын бақылайды.
Бұл мәліметтер қар барысының тіршілігін зерттеп, оны қорғау жұмыстарын жоспарлау үшін қажет.




