Ала жаздай адам арылмайтын Өскеменнің іргесіндегі Сібе көлдері бүгінде кешенді жаңартуды қажет етеді. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысы әкімінің тапсырмасы бойынша бірегей демалыс орнын дамыту жобасы әзірленетін болды, деп хабарлайды F16.kz.
Жуықта Сібенің үшінші көлі – Шалқарда облыс әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омардың қатысуымен көшпелі жиын өтті. Жиынға төтенше жағдай қызметі, СЭС, полиция және салаға жауапты басқа да органдардың өкілдері қатысып, жағажайдың жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды міндеттерді талқылады. Нәтижесінде көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналған Шалқар көлін кешенді жаңарту қажеттігі айтылды. Соған сәйкес тиісті жоба әзірлеу туралы шешім қабылданды. Онда абаттандыру, санитарлық жағдай, демалушылар үшін ыңғайлылық, сауданы ретке келтіру және жайлылық деңгейін арттыру мәселелері қамтылған.
Бұл жерде қысқы туризмді де дамыту маңызды. Сібе көлдері жазда ғана танымал емес, қыста да мұнда отбасылар коньки тебуге, табиғат аясында серуендеуге келеді. Сондықтан жобада қысқы демалыс та ескерілуі керек, – деді Жақсылық Омар.
Облыс әкімінің орынбасары дәл қазір шешілуге тиіс келесі міндеттерді атады:
— қосымша дәретханалар орнату,
— жаңадан киім ауыстыратын кабиналар қою
— қажетсіз құрылыстар мен қоқыстарды жинау,
— шағын сәулет формаларын (турник, балалар ойын алаңы, орындықтар және тб.) реттеу.
Естеріңізге сала кетейік, Шалқар көлінің жағажайы 2017 жылдан бері жаңартылмаған. Ал демалыс маусымында мұнда мыңдаған адам келеді. Бұл жер аймақ тұрғындарының ең сүйікті демалыс орындарының біріне айналған.