Шығыстың диқандары өңірдегі май зауыттарын шикізатпен толық қаматамасыз ете алмай отыр. Бұл туралы бүгін өткен облыс әкімдігінің мәжілісінде ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дамир Мамиев мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Қазір біздің облыста 12 май зауыты бар, олардың жылдық қуаты – 790 мың тонна. Алдағы уақытта «Алтай май» іске қосылса бұл көрсеткіш бір миллион тоннаға жуықтайды. Былтыр өңірде 423 мың тонна майлы дақыл жинап, май зауыттарын өз өнімдерімізбен 50 пайыз қамтамасыз еттік. Биыл ауа райы қолайлы болып тұр, былтырғыдан көбірек өнім аламыз ба ой бар. Соған орай өңдеуші кәсіпорындар сұранысының 60 пайызын жергілікті өніммен жабуды көздеп отырмыз. Қалғанын еліміздің өзге өңірлерінен және шетелден жеткізілетін импорттық шикізатпен толтырамыз, – деді Дамир Мамиев.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жергілікті май зауыттарын шикізатпен қаматамасыз ету мәселесінде өзге өңірлермен бірлесе жұмыс істеу қажеттігін атап өтті.
Бәрін май зауыттарының өзіне артып қойып қарап отыруға болмайды. Еліміздің басқа өңірлеріндегі әріптестермен байланыс орнатып, көлік қатынасы, жүк тасымалы сияқты мәселелерді екі жақтың ауыл шаруашылығы басқармалары бірлесе шешсеңіздер жұмыс тиімділігі артып, зауыттар да толық қуатта істейді, – деді аймақ басшысы.