Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы жүргізген тексеріс нәтижесінде жалпы құны 1,9 миллиард теңгеден асатын активтер мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Тексеріс Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жанынан құрылған «Алтай» өңірлік технопаркінің (2008 жылы құрылған) қызметіне қатысты жүргізілген. Белгілі болғандай, университет мүлкінің жеке тұлғаларға заңсыз берілгені анықталды, бұл іс-әрекет жарғылық капиталдағы үлесті төмендету және қаражатты заңсыз шығару арқылы жүзеге асқан.
Тексеріс барысында төмендегідей заңбұзушылықтар анықталды:
– Университетке 1,5 млрд. теңгеден астам мүліктік залал келтірілген;
– 1,4 млрд. теңге тұратын мемлекеттік мүлік заңсыз кепілге қойылған;
– Технопарктің жосықсыз құрылтайшысы салықтық жеңілдіктерді заңсыз пайдаланған.
Прокуратура актісінің негізінде университет сотқа жүгініп, нәтижесінде:
– Технопарктегі 535 млн. теңге мөлшеріндегі 78,48% үлесі университетке қайтарылды;
– Технопарктің 1,6 млрд. теңге берешегі жойылды;
– Мемлекеттік мүлікке салынған барлық ауыртпалықтар алынып тасталды.
Осылайша, Технопарктегі 100% үлес мемлекетке қайтарылып, университеттің мүлкі толықтай заңсыз міндеттемелерден босатылды.
Қазіргі уақытта бұл факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 195-бабы (алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы залал келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
ШҚО прокуратурасы мемлекет пен азаматтардың мүддесін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра бермек.
Фото: pixabay.com