Шығыс Қазақстан облысында 120-дан астам рұқсатсыз қоқыс полигоны анықталған. Олардың дені елді мекендер маңында орналасқан. Өңір билігі қоршаған ортаға орасан зор залал келтіріп жатқан күресіндермен күресті күшейтуге кірісті, деп хабарлайды F16.kz.
ЗАЙСАНДА ЗАҢ БҰЗЫЛДЫ
Күні кеше облыстың экология департаменті мамандары Зайсан қаласы әкімдігіне қарасты аумақтағы қоқыс полигонына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Ведомство мәліметінше, тексеру барысында полигон аумағында жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмағаны анықталды. Соның салдарынан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына қойылатын талаптар бұзылған. Одан бөлек нысанның экологиялық рұқсатсыз жұмыс істеп келгені белгілі болды.

Тексеру қорытындысы бойынша әкімдік аппаратының лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, анықталған заң бұзу деректерін жою туралы нұсқама берілді, – деп хабарлады экология департаменті.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және жинау мәселесі аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен өткен жиында да қызу талқыланған. Облыс әкімі Өскемен, Риддер қалаларында және Алтай, Зайсан, Шемонаиха аудандарында рұқсатсыз қоқыс үйінділері анықталғанын алға тартып, мәселені тез арада шешуді тапсырды. Елді мекен ішінде қоқыс контейнерлерінің жеткіліксіздігінен экология талаптары бұзылса, сыртында жөн-жосықсыз шашылған үйінділер қоршаған ортаған зиян келтіріп жатыр.
Әлеуметтік желіде қоқыс контейнерлерінің шамадан тыс толып кеткені туралы жиі жарияланып жатыр. Кейбір контейнерлер бірнеше апта бойы тазартылмаған. Бұл қолданыстағы контейнерлер санының жеткіліксіз екенін көрсетеді. Осыған байланысты қолданыстағы нормативтерді қайта қарап, контейнерлер санын арттыру қажет, — деп атап өткен еді өңір басшысы.
БІР АПТА УАҚЫТ БЕРІЛДІ
Сонымен қатар облыс әкімі тұрғындарға қоқысты төгу, жинау ережелерін түсіндіру қажеттігін атап өтіп, бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізілуі керек деді. Қоқыс шығаратын компаниялармен келісімшарт жасау мәселесіне де жіті назар аудару қажеттігі айтылды. Ал елді мекен сыртында рұқсатсыз үйілген қоқыс орындарын жергілікті әкімдіктер мен жауапты орындар жоюы керек. Оған бір апта уақыт берілді.
Қала және аудан әкімдері бір апта ішінде барлық қоқыс үйінділерін жоюға тиіс. Қоқыс шығару кестесінің қатаң сақталуын қамтамасыз ету керек. Қайталанған фактілер бойынша талдау жүргізіп, айыппұл салып, қажет болған жағдайда мердігерлермен келісімшарт бұзылсын, — деп кесіп айтты Нұрымбет Сақтағанов.
Алайда стихиялық қоқыс полигондарымен күрес бір аптада нәтиже бере қоймайтыны анық. Өйткені олардың саны өте көп және аумағы жылдан-жылға ұлғайып бара жатыр.
Былтыр «Ғарыш сапары» АҚ жүргізген ғарыштық мониторинг нәтижесінде Шығыс Қазақстан облысы аумағында 125 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталып, экология департаменті оларды жою жөнінде әкімдіктерге нұсқаулық берген.
«Ғарыш Сапары» АҚ ғарыштық мониторингі нәтижелері бойынша облыста 125 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталды, қазір оларды жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қоқыс орындарын жою жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін Катонқарағай, Ұлан, Глубокое аудандарының және Өскемен қаласының әкімдіктері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп түсіндірген болатын экология департаментінің баспасөз хатшысы Аружан Мұсаханова
ЭКОБЕЛСЕНДІ ҮНДЕУ ЖАСАДЫ
Алайда кейбір аудандарда әлі күнге дейін заңсыз қоқыс полигоны мәселесі шешімін тапқан жоқ. Өткен аптада экобелсенді AMALAYA PROJECT компаниясының директоры Танир Ясса әлеуметтік желіде Ұлан ауданының Таврия ауылы маңында үйіліп жатқан күресінді видеоға түсіріп, жергілікті тұрғындарға үндеу жасады.
Біз ауылға бардық… шынымды айтайын, қатты ұялдым. Қоқыс ашық аспан астында үйіліп жатыр. Пакеттер, пластик, түрлі қалдықтар бәрі жерде шіріп, сасып жатыр. Арнайы жабдықталған полигон жоқ. Жүйе жоқ. Ең қорқыныштысы – бұған бәрінің еті үйреніп кеткен. Бұл айдалада емес, елді мекеннің дәл іргесінде. Мұның бәрі топыраққа сіңеді. Сумен араласады. Ауаға тарайды. Ақыры күнделікті жеп отырған тамақ арқылы өзімізге оралады. Ауыл сырты қоқыс тастайтын жер емес. Бұл – қоршаған орта, табиғат. Бәрі үнсіз отырса ештеңе өзгермейді. Әркім өзінен бастау керек. Кез келген жерге қоқыс тастама. Оны өзгелерге де айт. Өзгерісті талап ет. Тазалық күнде тазартып отыратын жерде емес, қоқыс тасталмайтын жерде, – деді Танир Ясса.

Экобелсенді заңсыз қоқыс орындары өңірдің туристік аймақтарында да өзекті болып тұрғанын айтады.
Былтыр Шығысқа келген демалушылар саны еселеп өсті, олардан 1 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық қалды. Мұны табиғатқа шыққан кез келген адам көреді. Шашылып жатыр. Оның бәрін жинау қиын. Сондықтан мәселені жүйелі шешу керек. Ең әуелі шетелдегі сияқты инфрақұрылымға мән берілсе, туристік аймаққа апаратын жолдардың бойына қоқыс жәшіктері орнатылып, дәретханалар қойылса және олар жиі болғаны дұрыс. Демалыс базаларында да қоқыс жәшіктері көп болуы керек. Өкінішке қарай, бізде бұл жағы ақсап тұр. Салдарынан әр жерде рұқсат етілмеген қоқыс полигондары пайда болып жатыр. Одан сасық иіс тарайды, өртенуі мүмкін. Ал жиналған целлофан пакеттер желмен ұшып бүкіл далаға шашылды. Бұдан табиғат зиян шегіп жатыр, – деді ол.
ҚОҚЫС ПОЛИГОНЫНЫҢ ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ЗИЯНЫ
Мамандардың айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен жай ғана қоқыс төгетін орынның айырмашылығы жер мен көктей. Біріншісі – ресми рұқсат етілген, қоршауы бар аймақ. Ол жерде қоқыс арнайы талаптармен жиналып, нығыздалады. Жерасты суын ластамау үшін шұңқыр қазылып, арнайы гидрооқшаулау қабаты төселеді. Экология талаптары қатаң сақталып, қауіпсіздік бақылауда болады. Ал жай ғана қоқыс алаңында бұл талаптардың ешқайсы сақталмайды, қалдықтар ретсіз төгіледі. Ал ондай қоқыс полигонының қоршаған ортаға тигізетін зияны көп. Әсіресе, күресін өртенгенде ауаға улы газ тарайды. Сондай-ақ ешқандай қорғаныш қабаты жоқ, экологиялық талаптар сақталмай ашық аспан астында шашылып жатқан қоқыстан уақыт өте зиянды сұйықтық бөлініп, ол жерасты суын ластайды.

Тәуелсіз эколог Дәулет Асановтың айтуынша, көп жағдайда өрттің шығуына метан газы себеп болады. Технология бойынша қалдық төгілген соң нығыздап, үстіне топырақ қабатын төсеу керек. Ол метан газын ұстап тұру үшін қажет. Өкінішке қарай, әзірге өңірдегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының ешқайсында ондай технология қолданылмайды. Соның салдарынан метан тұтанып, өрт шығатын жағдайлар жиі болады. Ал өрт шыққанда ауаға хлорсутек, күкіртсутек, формальдегид, азот диоксиді мен басқа да улы заттар тарайды.
Тұрмыстық қалдықтар өртенген кезде ауаға зиянды заттар бөлінеді. Олардың ішінде қауіптісі – диоксиндер. Гендік мутацияға әкелетін хлорорганикалық қосылыстарды осылай атайды. Диоксиндер өте ұсақ бөлшектерден тұрады, тыныс алу жолдары арқылы қанға тез сіңіп, жасушаларды бұзады. Олар сондай-ақ ісіктің пайда болуына әсер етеді, – дейді тәуелсіз эколог Дәулет Асанов.
Экология департаментінің мәліметінше, Өскеменнің қоқыс полигонында болған өрт кезінде желге қарсы бағытта ауадағы формальдегид мөлшері рұқсат етілген ең жоғары концентрациядан алты есе асып кеткен. Осы жағдайға байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 324-бабы, 1-бөлігі бойынша іс қозғалып, қоқыс алаңының иесі жауапқа тартылған.
Тәуелсіз эколог Дәулет Асановтың айтуынша, қоқыс алаңында сұйықтықты жібермей ұстап қалатын экран, кәріз ұңғымалары болуға тиіс, әйтпесе жерасты суы ластанады.
Арнайы экран қабаты болмаған соң улы заттар жаңбырмен бірге топыраққа сіңіп, жерасты суын ластайды. Ал олардың ішінде мырыш, мыс, марганец, сынап, қорғасын, күшәла бар. Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары суды ұңғымадан (құдық – ред.) немесе бастаудан алып ішсе, бұл улануға, жұқпалы аурулардың таралуына әкеліп соғуы мүмкін. Себебі қоқыс полигонында қауіпті заттар ғана емес, ауру тудыратын микрофлора да болады, – дейді тәуелсіз эколог.
Мамандардың айтуынша, елді мекен сыртындағы қоқыс полигондарында қалдықтар сұрыпталмай төгілетіндіктен олардың ішінде неше түрлі зиянды заттар болады. Мәселен, электр батареялары, ескі термометрлер, шамдар, аккумуляторлар, тұрмыстық техника бөлшектері, дәрілік препараттар және басқа заттар. Бұлардың бәрі адам өміріне зиян.
Дәулет Асанов ұзақ жыл жұмыс істеген қоқыс полигоны жабылғаннан кейін де қоршаған ортаға қаупі азаймайтынын айтты. Өйткені ол жерде көп жыл жиналған қалдықтар ыдырап, шіріп метан сияқты улы газдар түзіледі. Органикалық қалдықтар ыдырағанда пайда болатын метанның ең көп бөліну кезеңі қалдықтар төгіле бастағаннан кейінгі алғашқы 30-50 жылға дөп келеді. Осы уақыт ішінде органикалық қалдықтардың шамамен 40 пайызы шіриді. Нәтижесінде метан (60 пайыздай) және көмірқышқыл газы (30 пайыздай) түзіледі.
ӨРКЕНИЕТТІ ЕЛДЕРДЕ ҚАЛДЫҚТАР ПОЛИГОНЫ ҚАЛАЙ РЕТТЕЛГЕН?
Еуропа елдерінде мұндай полигондардың жанында арнайы зауыттар салынып, қоқыстан шыққан газдың энергиясын пайдаланады. Шетелде газ жинайтын технологиялар бар. Оны электр энергиясын, жылу өндіруге, тіпті көлікке жанармай ретінде қолдануға болады. Ал бізде бұл газдар ауаға тарап жатыр. Мұны дұрыс ұйымдастырса, тұрмыстық қалдықтар табыс әкелетін салаға айнала алады, – дейді эколог.
Былтыр жауапты орындар жүргізген мониторинг нәтижесінде өңірдегі 165 қатты қалдықтар полигонының тек 21-і экология заңнамасы талаптарына сай келетіні белгілі болды. Полигонның дені қоқыс төгетін орынға айналған. Ал жергілікті атқарушы органдар жер учаскесін берумен ғана шектеледі.

Шығыс Қазақстан облысындағы заңсыз қоқыс полигондарының көбеюі – тек экологиялық мәселе ғана емес, өңірдегі басқару жүйесінің, инфрақұрылымның және қоғамдық жауапкершілікте олқылықтар бар екенін көрсетіп отыр. Қоқыс үйінділерін жою мәселені уақытша реттегенімен, оның түпкі себебін шешпейтіні анық. Өйткені рұқсатсыз полигондардың пайда болуы – қоқыс шығару жүйесінің дұрыс жолға қойылмауы, контейнерлердің жетіспеуі, бақылаудың әлсіздігі және тұрғындардың экологиялық мәдениетінің төмендігінен туындап отыр.
Мамандар атап өткендей, талапқа сай келмейтін қоқыс орындары топырақ пен жерасты суын ластап, ауаға улы заттар таратып, адам денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Ал мұндай полигондар жыл сайын көбейіп, аумағы ұлғайып бара жатқаны өкінішті. Бұл түйткілдің түйінін шешу үшін тек айыппұл салу жеткіліксіз. Ең алдымен, қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыру, заманауи талаптарға сай полигондар салу, қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеуді дамыту қажет. Сонымен қатар туристік аймақтар мен елді мекендерде қажетті инфрақұрылым – контейнерлер, қоқыс алаңдары, санитарлық нысандар жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілуге тиіс.
Ең бастысы, қоғамның көзқарасын өзгерту қажет. Әрбір тұрғын қоршаған ортаға деген жауапкершілікті сезініп, қарапайым тазалық мәдениетін сақтамайынша, бұл проблема толық шешімін таппайды. Табиғатты қорғау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, ол – әр азаматтың күнделікті әрекетінен басталатын ортақ жауапкершілік.




