F16.KZ
  • Жаңалықтар
  • Айдарлар
    • Не жаңалық?
    • Айтпайын десең…
    • Біздің медицина
    • Білім мен ілім
    • Спорт
    • Әлеумет
    • Қылмыс
    • Өнер өрісі
    • Киелі Алтай
    • Ұзын құлақ
    • Сұхбат
    • Оқырман хаты
  • Аудан айнасы
    • Өскемен
    • Риддер
    • Катонқарағай
    • Күршім
    • Зайсан
    • Тарбағатай
    • Марқакөл
    • Самар
    • Алтай
    • Ұлан
    • Глубокое
    • Шемонаиха
  • Репортаж
    • Фоторепортаж
    • Журналист жол үстінде
    • Бейне медиа
    • Арнайы жоба
  • Шекаралық аудан
  • KZ
  • RU
No Result
Барлық нәтижені қарау
F16.KZ
  • Жаңалықтар
  • Айдарлар
    • Не жаңалық?
    • Айтпайын десең…
    • Біздің медицина
    • Білім мен ілім
    • Спорт
    • Әлеумет
    • Қылмыс
    • Өнер өрісі
    • Киелі Алтай
    • Ұзын құлақ
    • Сұхбат
    • Оқырман хаты
  • Аудан айнасы
    • Өскемен
    • Риддер
    • Катонқарағай
    • Күршім
    • Зайсан
    • Тарбағатай
    • Марқакөл
    • Самар
    • Алтай
    • Ұлан
    • Глубокое
    • Шемонаиха
  • Репортаж
    • Фоторепортаж
    • Журналист жол үстінде
    • Бейне медиа
    • Арнайы жоба
  • Шекаралық аудан
  • KZ
  • RU
No Result
Барлық нәтижені қарау
F16.KZ
No Result
Барлық нәтижені қарау

Шығыстағы туристік аймақтардың экологиялық ахуалы қалай?

F16 F16
17.11.2025, 17:00
Жаңалықтар, Туризм, Экология
Фото: Tereze/Сібенің үшінші көлі - Шалқар

Фото: Tereze/Сібенің үшінші көлі - Шалқар

Табиғи ресурстарға бай Шығыс Қазақстан өңірінде туризм қарқынды дамып келеді. Өңірдің инвестициялық тартымдылығы жылдан-жылға артып, жаңа жұмыс орындары ашылып, бұл саладан табыс тапқан кәсіпкерлер қатары еселеп өсті. Бірақ туристік нысандардың ретсіз көбейгені, тұрмыстық қалдықтардың жиналуы мен басқа да факторлар табиғатқа кері әсерін тигізіп жатыр.

Балығы азайып, базары тарқаған Сібе көлдері

Өскемененнен 60 шақырым жердегі Сібе көлдері бұл күнде көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналған. Қалба жоталарының қойнауында мөлдіреп жатқан бес көлге елдің түкпір-түкпірінен ағылған демалушылар легі қысы-жазы тоқтамайды. Алғабас ауылын көктей өтетін тас жолмен ары-бері зулаған көліктерге жергілікті жұрттың көзі үйренген. Ауыл адамдарын алаңдатқан жайт – туристердің көптігі емес, олардан кейін қалатын қалдықтар мен көлдің тазалығы. Ұлан ауданы Алғабас ауылының тұрғыны Жеңіс Байжүменов бала кезінен шомылып өскен Сібе көлдерінің кейінгі кезде ластанып бара жатқанына қапалы.

Бала кезімізде көл керемет еді. Суы да мол әрі тұнық болатын, жағасында жүрсең, тіпті ары қарай тереңге малтап барғанның өзінде түбі көрініп тұратын. Балық деген көп еді, жағаның бәрі шортан, шабақтар қаптап жүретін. Қазір жоқ деуге де болады. Көл жағасында көп үй салынды. Келетін адам көбейді. Көл жаққа барсаң жағаның бәрі шашылған қоқыс. Қыста балыққа барамыз. Астының бәрі қоқыс, целлофан, консерві, – деді ол.

Ауылдасының бұл сөзін Ерғали Жұмағұлов та растады. Ала жаздай Сібеге ағылатын демалушылар қоқысты жол-жөнекей лақтырып, табиғатты ластап кетеді дейді жергілікті тұрғын.

Көл жағасындағы демалыс аймағы қазір Алғабастан үлкен. Қожайындары келеді, жалға береді. Шетелден де туристер келеді дейді. Енді не істеп жатқанын, қалай демалып жатқанын білмейміз. Бір жаманы, солардың көбі жолдың шетіне қоқыс лақтырып кетеді, шашылып жатады, – деп кейіді Ерғали Жұмағұлов.

Сібенің жағасында дүниеге келген Амангелді Үміткәрұлының айтуынша, ертеректе бес көл – Садыркөл, Төртқара, Шалқар, Қоржынкөл, Қаракөл бір-бірімен кішкентай бұлақтар арқылы байланысып жатқан. Оларды жергілікті жұрт «шүмек» деп атапты. Ал көлдің суы мол, балығы көп болған. Балықтың көптігі сонша, жазғұтыры уылдырық шашқанда шүпірлеп жағалауға дейін шығып кетеді екен. Бертін келе шүмектер бітеліп, жағалауда демалыс үйлері қаз-қатар тізіле бастағанда балық күрт азайған.

Фото: Tereze/Алғабас ауылының тұрғыны Амангелді Үміткәрұлы

Бұрын осы шүмектер арқылы Сібенің бес көлі бір-бірімен байланысып, суы толысып, өздігінен тазаланып отыратын. Көктемде көл суы шабындыққа жайылатын. Сол кезде үлкен-үлкен балықтарды ауыл адамдары шөптің арасынан ұстап алушы еді. Қалғаны шіріп қалатын. Сөйтсек, ол топырақты тыңайтады екен. Шабындықта шөптің қалың шығатыны сондықтан. Көрдіңіз бе, табиғат бәрін өзі реттеген. Қазір тепе-теңдік бұзылды. Жұрт шүмектерді бітеп тастады. Балық та азайды, көлдің суы да бұрынғыдай кемерінен асып жатқан жоқ, – деді Амангелді Үміткәрұлы.

Сібе көлдерінде балық қоры не себепті азайып кеткенін білу үшін аймақтың көл жүйелерін зерделеу, жандандыру және балық шаруашылығының тұрақты дамуы бойынша Ертіс бассейнінің, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарында су айдындарының биоалуантүрлілігін сақтау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыратын «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС, Алтай филиалына хабарластық. Филиал директоры Айбек Қасымханов Сібе көлдеріндегі балық қорының қазіргі жағдайы бойынша ресми ақпарат жоқ екенін айтты.

 Біздің филиал тапсырыс аясында келісім-шарт негізінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Алдымен заңды немесе жеке тұлға қандай да бір көлдің, су қомалардың балық қорын зерттеуге, немесе балық өсіру бойынша биологиялық негіздеме әзірлеу бойынша тапсырыс беріп, келісімшарт жасайды. Содан кейін мамандар зерттеу жүргізеді. Кейінгі 10 жылда Сібе көлдеріне қатысты ешқандай тапсырыс болған жоқ, сондықтан зерттеу жұмыстары жүргізілмеді, – деді Айбек Қасымханов.

Әйгілі шипажайдың аянышты халі

Табиғаты таңдай қақтырған Шығыста Сібе көлдерінен бөлек Бұқтырма су қоймасы, Самар жағалауы, Дұбығалы көлі, Марқакөл, Рахман қайнары сияқты демалыс аймақтары жетіп артылады. Бұл жерлерден де жаз бойы адам арылмайды.

Катонқарағай ауданының Рахман қайнарына шетелден және елдің әр өңірінен ат шалдыратын саяхатшылар қатары жыл өткен сайын артып келеді. Бірақ адам аяғы көбейген сайын әйгілі көлдің төңірегі қоқысқа толып, суы ластана бастаған. Биыл тамызда Instagram-дағы Сampinglife.kz парақшасы Рахман қайнары туралы видео жариялады.

«Шығыс Қазақстан облысының Рахман қайнары деп аталатын ғажап жеріне келдік. Достар, мына көріністі сөзбен айтып жеткізу қиын. Барлық жерде осылай. Кірген үшін ақы алып отырған ұлттық парктің міндетіне қоқысты жинау кіре ме, жоқ па онысын білмедім, қалай десек те шашылған қоқыстың көптігі көңіл құлазытады. Бұған қоса, келіп жатқан көліктер де өте көп», – деді видео авторы.

Фото: Сampinglife.kz парақшасынан алынған кадр/Рахман қайнары. 19.08.2025 ж.

Бұл видео желі қолданушыларының қызу талқысына түсті. Кезінде аты дүркіреп тұрған әйгілі шипажайдың қазір қоқыс басып, «экологиялық апат» аймағына айналуы кімді де болсын бейжай қалдырмады. Әр жерде шашылған пластик құтылар, целлофан пакеттер, тамақ қаптамасы, бір рет қолданылатын ыдыстар және басқа да заттар толып жатты.

Қоқыс басқан Рахман қайнарының аянышты халі Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі қызметкерлерін де алаңдатады. Мемлекеттік мекеме басшылығы көлдің айналасын қоқыстан күнделікті тазарту ұлттық парк қызметкерлерінің тікелей міндетіне кірмесе де, табиғат жанашырлары бұл жұмысты қосымша атқарып жүр деді.

Рахман қайнары шипажай болғандықтан қоқыс тазалау ұлттық парктің құзырына кірмейді. Соған қарамастан олар табиғатты таза ұстау үшін шашылған қалдықтарды жинайды. Рахман орманшылығының инспекторлары шипажай аумағында қоқыс салатын жәшіктер орнатып, арнайы техникамен тұрмыстық қалдықтарды аптасына бір-екі рет шығарып отырады. Жалпы, ұлттық парк аумағында 14 туристік маршрут және соқпақтар бар. Бұл туристік соқпақтарда мемлекеттік инспекторлар тазалық сақтауды және туристерді бақылау жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ үш бақылау-өткізу пункті бар: Иректе, Қаракөлде және Аршатыда. Осы бекеттерде туристерге қоқыс салатын пакеттер беріледі және тазалықты сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Туристерді қадағалап отырмаса, олар, әрине, табиғатқа зиян келтіреді, – деді Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркі, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Самат Елемесов.

Әлеуметтік желідегі видеоға қатысты сол кезде Катонқарағай ауданының әкімдігі де жауап берген. Жергілікті билік өкілдері шипажай аумағын абаттандыру, қоқыс шығару жұмыстарын бақылауда ұстайтынын жеткізген.

Ескерту орынды, мәселені назарға алдық. Табиғатқа жанашырлық танытқаныңызға алғыс айтамыз. Шипажай аумағында мемлекеттік ұлттық табиғи парк қызметкерлері мен әкімдік өкілдері бірлесіп сенбілік өткізді, көрсетілген жерлер қоқыстан тазартылды. Алдағы уақытта сенбіліктер тұрақты өтіп тұрады. Абаттандыру және қоқыс шығару жұмысы жергілікті атқарушы органның ұдайы бақылауында, – деді аудан әкімдігі.

Шипажайдың мұндай жағдайға тап болуына бұрынғы меншік иесі Анатолий Балушкиннің сотталуы әсер еткенін айта кету керек. 2021 жылы 12 тамызда Қаржы мониторингі агенттігі Балушкинге іздеу жарияланғаны және сот оны ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі (алаяқтық) бойынша сырттай қамауға алуға санкция бергені жөнінде ақпарат таратты. Бұл кезде олигарх шетелде қашып жүрген. Ал Рахман қайнары иесіз қалды. Осы аралықта туристік нысан әбден тозып, қоқыс алаңына айналды. Тек биыл жыл басында шипажай мемлекет меншігіне толық өтіп, уақытша Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының балансына берілді. Облыс басшылығы болашақта бұл жерде туристік кластер құруды жоспарлап отыр.

Рахман қайнары шипажайы Өскеменнен 450 шақырым, ал аудан орталығы Катонқарағайдан 120 шақырым жерде, елдің шығысында, шекара түбінде орналасқан. Шипажай 1964 жылы ашылған. Онда түрлі ауруды емдеу үшін қолданылатын табиғи минералды термалды жерасты радон суы бар.

Көгілдір шығанақтың көлеңкелі тұсы

Өңірдегі көз тартар көрікті жерлердің бірі – Көгілдір шығанақ. Бұқтырма су қоймасы жағалауында орналасқан бұл демалыс аймағын жергілікті жұрт ежелден Шығыстағы жазғы туризмнің «Меккесі» деп атайды. Қазақстанның әр өңірінен ат шалдыратын демалушыларды айтпағанда, шетелдік туристер, оның ішінде, әсіресе ресейліктер мұнда жиі келеді.

2019 жылғы тамызда Көгілдір шығанақ туристік базасында апатты жағдайда тұрған кәріз құбырынан аққан қалдық су адамдар шомылып жүрген айдынды ластап, жергілікті тұрғындар дабыл қақты. Араға бір ай салып сүңгуірлер Бұқтырма су қоймасының кәріз құбыры тұрған тұстағы түбінен нәжіс тұнбасын анықтады. Облыстың тәуелсіз сарапшылары алған су сынамалары өңір тұрғындарын дүр сілкіндірді. Су құрамындағы ішек таяқшасының лактоза көрсеткіші шекті мөлшерден 70 мың есе жоғары болған. Бұл туралы республикалық, өңірдегі БАҚ жазды, видеосюжет түсірді.

Фото: Мира Круль/Көгілдір шығанақ демалыс базасындағы жарылған кәріз құбыры. 2019 жыл, шілде.

Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінің әкімі Нұржан Қанапин Көгілдір шығанақ туристік аймағында болған жағдайдан кейін салаға жауапты мамандардан, жергілікті қоғам өкілдерінен жұмыс тобын құрып, жағалаудағы демалыс базаларының санитария тазалығын тексерген.

Жағалаудағы үйлердің сарқын суы қайда кетіп жатыр, қалай тазартылады, осының бәрін тұрғындармен және экологтармен бірге барып көрдік. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қажетті жұмыс жүргіздік, – деді кент әкімі.

Фото: Tereze/Жаңа Бұқтырма кентінің әкімі Нұржан Қанапин

Сонымен қатар әкім Көгілдір шығанақ аймағында рұқсатсыз қоқыс төгу орны пайда болғанын тілге тиек етті.

Бұқтырма су қоймасының жағалауында ресми тіркелген 104 демалыс базасы бар, олардың кейбірінде бес-алты үйден орналасқан. Бұдан бөлек тіркелмегені қаншама. Сонда есептей беріңіз, қанша үй бар. Осынша аумақты күнде аралай алмаймыз ғой, біздің мүмкіндік шектеулі. Дегенмен тазалықты қадағалауға тырысамыз. Көгілдір шығанақ туристік аймағында кейінгі жылдары рұқсатсыз қоқыс төгу орны пайда болды. Бұта-қараған өскен шұңқырлау жер бар еді, соған бәрі тұрмыстық қалдықтарын тастай берген. Үйіліп қалыпты. Қоқысқа ақша төлемеу үшін көзден таса жерге төге берген. Ол жерді тазалап, айналасына көлік жүре алмайтындай топырақ үйіп тастадық, – деп қосты Нұржан Қанапин.

«Экономика мен экологияны тең ұстау керек»

Өскемендік экобелсенді, AMALAYA PROJECT компаниясының директоры  Танир Яссаның сөзінше, Көгілдір шығанақ сияқты өңірдегі демалыс базаларының басым көбінің негізгі мәселесі – туристік нысандардан шығарылатын сарқын сулар мен тұрмыстық қалдықтар.

Биыл Шығысқа келген демалушылар саны еселеп өсті, олардан 1 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық қалды. Мұны табиғатқа шыққан кез келген адам көреді. Шашылып жатыр. Оның бәрін жинау қиын. Сондықтан мәселені жүйелі шешу керек. Ең әуелі шетелдегі сияқты инфрақұрылымға мән берілсе, туристік аймаққа апаратын жолдардың бойына қоқыс жәшіктері орнатылып, дәретханалар қойылса және олар жиі болғаны дұрыс. Демалыс базаларында да қоқыс жәшіктері көп болуы керек. Өкінішке қарай, бізде бұл жағы ақсап тұр. Салдарынан әр жерде рұқсат етілмеген қоқыс полигондары пайда болып жатыр. Одан сасық иіс тарайды, өртенуі мүмкін. Ал жиналған целлофан пакеттер желмен ұшып бүкіл далаға шашылды. Бұдан табиғат зиян шегіп жатыр, – деді экобелсенді.

Фото: Tereze/Өскемендік экобелсенді Танир Ясса. 29.08.2025 ж.

Танир Ясса туристік нысандардан шығатын кәріз суы топыраққа сіңіп, жерасты суларын ластайды деп қауіптенеді. Айтуынша, көпшілік демалыс үйінің кәріз жүйесі талапқа сай емес.

Мен білетін демалыс базаларының басым бөлігінде «септиктер» (кәріз суы жиналатын шұңқыр) арнайы жабдықталмаған. Олардың бәрі терең шұңқыр қазып, сарқын суды соған төгеді. Ал ол шұңқырда қаншама химиялық улы зат, қалдық жиналып, топыраққа сіңеді. Жерасты суын ластайды. Оны адамдар ішеді. Бұл табиғатқа, адамдардың денсаулығына өте қауіпті, – деп атап өтті Танир Ясса.

Экобелсенді туризм табиғатқа залал келтірмеуі керек деген қағиданы берік ұстанады. Өйткені туризмнен түсетін табыс көбіне табиғатқа келген зиянды толық өтей алмайды. Себебі табиғи жүйелердің бір бөлігі қалпына келеді, ал бір бөлігі мүлде жойылып кетеді немесе ұзақ уақыт қалпына келеді. Мәселен, орманның оталуы, сирек өсімдіктер мен жануарлардың жойылуы, өзен-көлдердің ластануы – мұның бәрін ақшамен өлшеу қиын.

Табиғатсыз туризм болмайды. Сондықтан Шығыстың әсем табиғатын сақтай отырып болашақта Төр Алтайды еліміздегі туризмнің ошағына айналдыра аламыз. Ал табиғатты ластап, қалай болса солай пайдалансақ, ұзаққа бармаймыз. Туризмнің негізгі тартымдылығы – әсем табиғат, таза ауа, ұлттық парктер, көлдер, таулар. Бұл әсемдік бүлінсе, туризмді дамыту қиын. Туризмнен түсетін табыс уақытша, ал экологиялық зиян көп жылға созылады. Экологияны сақтау тұрақты туризмнің басты шарты: алдымен табиғат, содан кейін ғана табыс. Көп мемлекет осыны түсініп, экотуризм бағытына басымдық берген. Яғни, туризм табиғатты бүлдірмей дамуға тиіс. Туризмнен түскен табыс табиғатты қорғауға жұмсалса ғана таразы басы тең болып, тепе-теңдік сақталады, – деді экобелсенді.

Маманның пікірінше, әлемдік тәжірибеде табиғатты қорғау туризмнің негізгі шартына айналған. Мысалы, Швейцарияның тау аймақтарына туристік нысан салмас бұрын экологиялық сараптама міндетті түрде жүргізіледі, ал ауаның тазалығын сақтау үшін көліктердің белгілі бір аймақтарға кіруіне шектеу қойылған. Коста-Рика елі экотуризмнің үлгісін жасап, өз аумағының жартысына жуығын ұлттық парктер мен қорықтар ретінде қорғауға алған. Бұл ел табиғатқа зиян тигізбеу арқылы туризмнен табыс тауып отыр. Жапонияда табиғи саябақтарға баратын турист саны шектеліп, экологиялық ережелерді бұзғандарға айыппұл салынады. Мұның бәрі табиғатты сақтай отырып туризмді дамытудың нақты мысалдары.

Қысқа мерзімде туризмнің табысы маңызды көрінуі мүмкін, ал болашақты ойлайтын елдерге ұзақ мерзімде экологияны қорғау әлдеқайда құнды. Сондықтан табиғатты сақтай алғанда ғана туризм де дамиды, экономика да алға басады. «Экология – іргетас, туризм – соған салынатын құрылыс» деген тәмсіл осыдан шықса керек-ті.

Тегтер: F16табиғатты қорғауТазалықТуризмЭкология
БөлісуБөлісуЖіберуБөлісу

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сарапшылар: Құрылтай сайлауы елдегі жаңа саяси модельді нығайтады

Сарапшылар: Құрылтай сайлауы елдегі жаңа саяси модельді нығайтады

08.07.2026, 20:51
«Бірқабатты Шығыс»: Кожоховодағы тұрғын үйлердің кемшіліктері жойылып жатыр

«Бірқабатты Шығыс»: Кожоховодағы тұрғын үйлердің кемшіліктері жойылып жатыр

08.07.2026, 19:10
ШҚО-да мүгедектікті белгілеу тәртібі түсіндірілді

ШҚО-да мүгедектікті белгілеу тәртібі түсіндірілді

08.07.2026, 18:01
8 шілде – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери медицина күні

8 шілде – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери медицина күні

08.07.2026, 17:04

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

Сарапшылар: Құрылтай сайлауы елдегі жаңа саяси модельді нығайтады

08.07.2026, 20:51

«Бірқабатты Шығыс»: Кожоховодағы тұрғын үйлердің кемшіліктері жойылып жатыр

08.07.2026, 19:10

ШҚО-да мүгедектікті белгілеу тәртібі түсіндірілді

08.07.2026, 18:01

8 шілде – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери медицина күні

08.07.2026, 17:04

Аi-Sana: Қазақстандық студенттер 440-тан астам ЖИ-жоба әзірледі

08.07.2026, 16:09

ШҚО өңірлік мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығына жаңа басшы тағайындалды

08.07.2026, 14:05

Азаматтарды сайлаушылар тізімдеріне енгізу туралы

08.07.2026, 13:09

Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау туралы

08.07.2026, 12:00

ШҚО-да туристік бағыттардағы жолдар жаңартылып жатыр

08.07.2026, 11:42

Өскеменде 136 отбасы жаңа пәтердің кілтіне ие болды

08.07.2026, 10:03

САЙТ ТУРАЛЫ

F16.KZ - екі тілде ақпараттық-аналитикалық жаңалық беретін сайт. Біздің команда әрдайым жаңалықтың жаршысы болып, өз оқырмандарын жедел хабардар ету үшін 24/7 режимінде жұмыс істейді.

РЕДАКЦИЯМЕН БАЙЛАНЫС

Телефон: +7 707 192 4464 (WhatsApp)
Email: f16news@mail.ru

Яндекс.Метрика

БІЗГЕ ЖАЗЫЛЫҢЫЗДАР

F16.KZ әлеуметтік желілерде

  • Басты бет
  • Сайт туралы
  • Құпиялылық саясаты
  • Байланыс

© 2026. F16.KZ - Өскемен және Қазақстан жаңалықтары. Барлық құқықтар қорғалған

No Result
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
  • Айдарлар
    • Не жаңалық?
    • Айтпайын десең…
    • Біздің медицина
    • Білім мен ілім
    • Спорт
    • Әлеумет
    • Қылмыс
    • Өнер өрісі
    • Киелі Алтай
    • Ұзын құлақ
    • Сұхбат
    • Оқырман хаты
  • Аудан айнасы
    • Өскемен
    • Риддер
    • Катонқарағай
    • Күршім
    • Зайсан
    • Тарбағатай
    • Марқакөл
    • Самар
    • Алтай
    • Ұлан
    • Глубокое
    • Шемонаиха
  • Репортаж
    • Фоторепортаж
    • Журналист жол үстінде
    • Бейне медиа
    • Арнайы жоба
  • Шекаралық аудан
  • KZ
  • RU

© 2026. F16.KZ - Өскемен және Қазақстан жаңалықтары. Барлық құқықтар қорғалған