Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті 4 млрд 84 млн теңгеге Astana Motors компаниясына тиесілі Hyundai Trans Kazakhstan ЖШС-дан 198 автокөлік сатып алуды жоспарлаған, деп хабарлайды F16.kz порталы CMN.kz-ке сілтеме жасап.
Басылымның жазуынша, көліктерді сатып алу үшін бес жылға лизингтік келісім жасалып, сыйақы мөлшерлемесі 12,6%-дан аспауға тиіс болған. Құжатта көрсетілгендей, тапсырыс отандық өндірістегі «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС-нен алынады делінген.
Сатып алу тізімі:
- Hyundai Elantra 1.6AT – 103 мәшін, әрқайсы 13,5 млн теңгеден;
- Hyundai Tucson 2.0AT 4WD – 31 мәшін, 18,2 млн теңгеден және 25 мәшін, 17,3 млн теңгеден;
- Hyundai Staria – 5 мәшін, 23,5 млн теңгеден және тағы біреуін 22,5 млн теңгеден;
- Hyundai Sonata 2.5AT – 30 мәшін, әрқайсы 16,99 млн теңгеден;
- Hyundai Palisade 3.5AT 4WD – 2 мәшін, әрқайсы 36 млн теңгеден;
- Hyundai Mighty EX9 эвакуатор-манипуляторы – 1 мәшін, 68,2 млн теңге.
«Сатып алуға бөлінген сома – 4 084 553 000,00 теңге. Оның ішінде негізгі қарызды өтеуге/қаржыландыруға арналған сома – 3 177 100 000,00 теңге, ал сыйақы мөлшері – 907 453 000,00 теңге», – делінген Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті жариялаған сатып алу сипаттамасында.
Алайда бұл сатып алу да жүзеге аспады, себебі конкурсқа ешқандай өтінім түспеген. Айта кетейік, полиция департаментінің автопаркті жаңартпақ болған екінші талпынысы. Белгісіз себептермен Смағұловтың компаниясы бұл жолы да қатыспаған.
Еске салайық, «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС — «Astana Motors» компаниясының еншілес ұйымы, ал бұл компания Нұрлан Смағұловқа тиесілі.
Forbes Kazakhstan деректеріне сәйкес, Смағұлов Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің қатарында сегізінші орынды тұр. Оның байлығы 990 миллион доллар деп бағаланады.




