Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті тұрғындардың шағымынан кейін «Казцинк» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды F16.kz.
Экологтар кәсіпорынның металлургия алаңына барып, ауа сапасын тексерді. Сынамалар нәтижесі ауаға тарайтын зиянды шығарындылар шекті нормадан асып кеткенін көрсетті. Бұған себеп – зауыттағы сүзгі жабдықтарының ақауы.
«Анықталған заңбұзушылықтар жекелеген газ тазарту қондырғыларының тиісті деңгейде пайдаланылмайтынын көрсетеді. Соның салдарынан пайдаланылған газдарды тазарту тиімділігі жобада көзделген деңгейде қамтамасыз етілмеген. Тексеру нәтижелері бойынша заңды тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 328 және 331-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деп мәлімдеді экология департаменті.
Кәсіпорынға айыппұл салынды, сонымен қатар жабдықтарды қысқа мерзімде ретке келтіріп, пайдаланылған газдарды тазарту жүйесін жобада көзделген параметрлерге келтіру жөнінде міндетті нұсқама берілді.




