Өскеменнің Есенберлин даңғылында салынып жатқан жаңа мектептің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы бүгін өткен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің мәжілісінде белгілі болды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Жиында баяндама жасаған облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанғазы Әліпбаевтың айтуынша, 600 орындық жаңа мектептің құжаттары рәсімделсе, білім ордасы қыркүйекте есігін айқара ашпақ.
Аталмыш білім ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып жатқанын айту керек. Жалпы, Шығыс Қазақстанда «Келешек мектептері» жобасы аясында 3 мың орынға арналған 7 мектептің құрылысы жүріп жатса, оның 6-ы бойынша пайдалануға беру актілері қабылданған. Бүгінде мұндай актісі жоқ бір-ақ мектеп қалды. Және ол – жоғарыда аталған Өскемендегі №41 мектеп.
Білім басқармасынан хабарлағандай, алдағы бір-екі күнде бұл мектептің актісі де дайын болады. Одан кейін білім беру қызметіне лицензия алу жұмыстары басталуға тиіс.
– Кеше ғана құрылыс жұмыстарының барысымен танысып қайттық. Жұмыстардың негізгі бөлігі аяқталып қойған. Тек бірінші қабаттағы құрал-жабдықтарды орнату жұмыстары ғана қалыпты. Жалпы, жаңа мектептің директоры тағайындалып қойды, кадрларды қабылдау жүріп жатыр, балалардың тізімі дайын. Мектеп қыркүйекте жұмысын бастайды, – деді Жанғазы Әліпбаев.
Оның айтуынша, жаңа мектепке бірінші кезекте сол аудандағы тұрғын үйлердің балалары қабылданады. Сонымен қатар №46 мектептен ауысатын балалардың да үлесі жоғары.
– Әзірге мектеп бір ауысымда жұмысы істейді. Кейін балалар санының артуына қарай екі ауысымдық жұмыс кестесіне де көшуі ықтимал. Тағы бір айта кетер жайт, мектептің жанынан жол үстімен өтетін жаяу жүргіншілер көпірі де бой көтереді. Бұл – балалар қауіпсіздігі үшін аса қажет нәрсе, – деді Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен Өскемен қаласы әкімдігіне Есенберлин даңғылының бойымен өтетін жаңа автобус маршруттарын ашу немесе бар маршруттардың бағыттарына өзгеріс енгізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ көшені жарықтандыру мәселесі де назардан тыс қалмауы керек екенін айтты.




