Бүгін Өскеменде дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Ұстаздар қауымының басын қосқан алқалы отырыста өткен оқу жылының қорытындысы сараланып, алда тұрған міндеттер мен стратегиялық бағыттар айқындалды, деп хабарлайды F16.kz.
Дәстүрлі жиын Оқу-ағарту министрлігінің бейнепрезентациясымен ашылып, республикалық деңгейдегі Тамыз конференциясының 2025 жылға арналған қарарын таныстырумен басталды.
АЙМАҚ БАСШЫСЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕДІ
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ұстаздар алдында жаңа оқу жылына арналған нақты тапсырмалар мен бағыттар туралы баяндады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, елдегі әрбір бала тұрғылықты мекеніне қарамастан сапалы білім алуға, тең мүмкіндіктерге ие болуға тиіс. Бұл мақсатта облыс көлемінде ауқымды жоба – «Келешек мектептері» қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді, – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі білім басқармасына аудан-қала әкімдіктерімен бірлесе отырып мектептерде жөндеу жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде жүргізу және оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Аймақ басшысының айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап барлық жалпы білім беретін мектептерде бірыңғай «Адал азамат» білім беру бағдарламасын енгізу, тұлғаны «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы қағидаттары негізінде қалыптастыру басым бағыттар қатарына енгізілген. Міндеттердің ішінде – балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамтамасыз ету, балаларға қауіпсіз ортаны қалыптастыру, білімге заманауи технологиялар мен жасанды интеллект негіздерін енгізу, мектептерді заманауи цифрлық ресурстармен жабдықтау, мұғалімдерді сапалы даярлау да бар.
ТӘЛІМГЕРЛІК ИНСТИТУТЫ ДАМИДЫ
Бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі – мұғалімдерді қолдау және болашақ педагогтарды даярлау. Білім саласындағы кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында түлектерді педагогикалық мамандықтарға тарту жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Ол үшін кәсіби бағдар беру, мектеп пен жоғары оқу орындары арасындағы байланысты күшейту, олимпиадалар мен зияткерлік байқауларға оқушыларды дайындауды жүйелеу секілді бірқатар шара жоспарланған.
Сонымен қатар тәлімгерлік институтын дамыту және тәжірибелі мұғалімдерді қолдау бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табады.
БІЛІМ МАЗМҰНЫ ЖАҢАРАДЫ
2025–2026 оқу жылынан бастап облыстағы барлық мектептерде «Адал азамат» бірыңғай білім беру бағдарламасы енгізіледі. Бағдарлама негізінде жас ұрпаққа заң мен тәртіп, құқықтық мәдениет қағидаларын сіңіру көзделіп отыр. Бұл бастама оқушылардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, тұлғалық қалыптасуына оң әсер етпек.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі ұйымдармен балаларды қамту деңгейін арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заманауи технологиялар мен жасанды интеллект негіздерін білім беру процесіне енгізу, цифрлық ресурстармен жабдықтау – білім сапасын көтеруге бағытталған маңызды міндеттер қатарында аталды.
ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР АШЫЛАДЫ
Облыс әкімінің мәлімдеуінше, биылғы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында дайындалған іс-шаралар жоспарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Жаңа оқу жылында Шығыс Қазақстандағы колледждерде авиация, энергетика, көлік және өзге де сұранысқа ие салалар бойынша жаңа мамандықтар ашылады. Бұл бағытта жұмыс берушілермен тығыз әріптестік орнатылып, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары жалғасады.
Жұмысшы мамандықтар жылы – бұл тек атаулы жыл емес, ол – еңбек нарығына сапалы кадрлар даярлаудың жаңа кезеңі, – деді облыс әкімі.
ОРТАҚ ЖҰМЫСТЫҢ НӘТИЖЕСІ
Облыстық білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов конференцияда бала тәрбиесіне қатысты мәселелерге тоқталып, сала мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесін атап өтті.
Білім сапасын арттыру, рухани бай, адамгершілігі мол тұлға тәрбиелеу – бұл мектептің ғана емес, бүкіл білім саласы өкілдерінің, ата-аналар мен қоғамның ортақ міндеті. Сол сияқты әрбір баланың жетістігі мен жеңісі де осы аталған жауапты тұлғалардың еңбегінің нәтижесі. Демек, болашақ ұрпақтың қандай болып қалыптасатыны қазіргі біздің әрекетімізге тікелей байланысты, – деді ол.
Конференцияда «Келешек мектептері» үлгісін енгізу, білім беру мекемелерінде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалану, колледждердің рөлін арттыру және өңір кәсіпорындарымен әлеуметтік әріптестік орнату мәселелері кеңінен талқыланды.
Ертең, 22 тамызда өтетін пленарлық отырыста инновациялық цифрлық технологиялар көрмесі мен 25 интерактивті пәндік алаң жұмыс істейді. Отырыс қорытындысы бойынша жаңа оқу жылына арналған нақты ұсыныстар мен шешімдер қабылданады.
Бұл конференция – білім саласындағы жетістіктерге жетелейтін маңызды диалог алаңы ғана емес, сонымен қатар өңірдегі білім жүйесінің стратегиялық дамуының бастауы болғанын айта кеткен ләзім.




