23 қазан күні қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай жаңа мюзикл фильм экранға жол тартады, деп хабарлайды F16.kz.
Фильмнің бас продюсері әрі режиссеры New York FilmAcademy түлегі Санат Шапашовтың айтуынша, фильм үшін арнайы Ш. Қалдаяқовтың 13 әні симфониялық оркестр сүйемелімен жазылып, саундтрек ретінде ұсынылған. Ал, шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова да қолдау көрсеткен көрінеді. Бұл режиссердің дебюты. Осыған дейін Санат Шапашов үлкен музыкалық жобалар арқылы және «Казахи» КВН командасы резиденті ретінде танымал.
Түсірілімдер сапалы шығуы үшін арнайы Голливудтың әйгілі кинотуындыларын түсірген инновациялық кинокамера алдырылған.
Фильм бір айдың ішінде толығымен қазақ тілінде, елорданың көркем жерлерінде түсірілді.
Айта кету керек, «Бақыт құшағында» jukebox мюзиклында түсірілім алаңында 230-ға жуық актер бас қосқан ең үлкен массалық көріністер бар. Бұл кадрда бишілер Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі әніне би эпизодтарын орындайды. Арнайы хореограф фильмдегі билерді бір ай көлемінде арнайы қойып, дайындықтан өткізді.
Бұл картина еліміздегі креативті индустриясының дамуына дәлел болатын туынды.
Кинолента қазіргі қоғамдағы қазақ қыздарының өзекті мәселелері, махаббатқа сенім мен адал достық тақырыбын тереңінен аша түседі. Идеологиялық миссия ретінде анаға құрмет, отбасы институтының беріктігі, адал мінез бен шынайы қарым-қатынас тақырыптары да таңдалды.




