Биыл күзде Шығыс Қазақстан облысында 800 бозбала әскер қатарына шақыртылады. Олар Отан алдындағы борышын еліміздің әр өңірінде өтейді. Бұл туралы облыстық қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Сапаров өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
ШАҚЫРТУ НАУҚАНЫ – ТӨРТ АЙ
Күзгі әскерге шақыру науқаны 1 қыркүйек пен 31 желтоқсан аралығында жүргізіледі.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес, мерзімді әскери қызметке 18 жас пен 27 жас аралығындағы, әскери борышын өтеуді кейінге қалдыруға немесе босатылуға негізі жоқ ер азаматтар шақырылады. Әскерде қызмет ету мерзімі – 12 ай.
Биыл облыстан шамамен 800 жас әскер қатарына алынбақ. Күзгі шақырту кезінде өңірде барлығы 10 әскерге шақыру және медициналық комиссия жұмыс істейді. ШҚО-дан әскер қатарына алынған сарбаздар елдің барлық өңірлерінде қызмет етеді.
ЖАЛТАРҒАНДАРҒА ЖАЗА ҚАТАҢ
Әскерге шақырылушыларды хабардар ету үдерісі біртіндеп цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Шақыру пункттеріне келу туралы ескертулер SMS және eGov порталының жеке кабинеті арқылы жіберіледі. Медициналық комиссиядан әдейі жалтарған немесе келмеген азаматтарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, айыппұлдан бастап бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі, – деді Жәнібек Сапаров.
ОҚУ ОРЫНДАРЫ ҚОСЫМША ЕМТИХАНСЫЗ ҚАБЫЛДАЙДЫ
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің мәртебесін көтеру бағытында шаралар қабылдап жатыр. Әскерге шақырылушыларға қызмет уақытына «несие демалысы» беріледі, сондай-ақ «Сарбаз 2.0» жобасына қатысуға мүмкіндік бар. Елдің 80-нен астам жоғары оқу орнымен жасалған келісімдерге сәйкес, мерзімді әскери қызметін абыроймен өтеп, жақсы нәтиже көрсеткен жастарды университеттер қосымша емтихансыз тегін қабылдайды.
Әскерге қабылдаған кезде сарбаздың білім деңгейі, біліктілігі, отбасылық жағдайы, денсаулығы және жеке қалау-тілектері ескеріледі.
Жыл сайын облыс жастары Қазақстанның түкпір-түкпірінде абыроймен қызмет атқарып келеді. Қазақстан Республикасының Конституциясында атап көрсетілгендей, Отанды қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы.




