Бүгін аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов пен Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов Беларусьтен сатып әкелінген жаңа трамвайлармен жүріп, сапасы мен жайлылығын тексерді, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, жуықта облыс орталығына сонау Минскіден қызыл, жасыл және көк түсті жаңа трамвайлар жеткізілген болатын. Заманауи үлгідегі бұл қоғамдық көліктер «БелКоммунМаш» зауытында арнайы тапсырыспен жасалған.
Бүгінде дейін қаладағы 31 шақырым трамвай жолының 4 шақырымы жөнделді. Ол үшін 4 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Жаңа тарамвайда 36 орын бар. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус, желдеткіш және сегіз камерамен жабдықталған. Жол ақысы автобуспен бірдей болады және қыркүйектен бастап 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер тегін қатынайды, — деді «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС директоры Денис Федченко.
Бүгінде трамвай көлігі еліміздің үш қаласы – Павлодар, Теміртау және Өскеменде ғана бар. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала тарихының бір бөлшегі болып саналатын трамвайларды сақтап қалу керектігін атап өтті.
Қоғамдық көліктің бұл түрі негізінен қымбатқа түседі. Мәселен, 4 шақырым рельсті жөндеуге 4 миллиард қаржы жұмсалады, бұл әрине өте көп. Бірақ соған қарамастан біз трамвайларды сақтап қалуымыз керек. Ол – біздің қаланың бір ерекшелігі, тарихымыздың бір бөлшегі, — деп атап өткен өңір басшысы жаңа көліктің сапасы мен жайлылығын арнайы тексеріп көрді.
Облыс әкімі трамвайға мініп Ата заңымыздың 30 жылдығы мен Қала күніне орай Республика алаңында өтіп жатқан мерекелік кешке келді.
Айта кетейік, жаңа қоғамдық көліктер ONAY жүйесі орнатылғаннан кейін жолаушылар тасымалдауға шығады.




