Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі су шайған «Шнайдер көпірінің» жағдайын көріп, жөндеу жұмыстарын мұқият жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды F16.kz.
Ел ішінде «Шнайдер көпірі» аталып кеткен нысанды жөндемес бұрын алдымен мұқият тексеріп шығып, мамандардың сараптама қорытындысын алу керек, – деді өңір басшысы.
Кеше, 1 қыркүйекте облыс орталығында жергілікті жұрт «Шнайдер көпірі», «Гаваньдағы көпір» атап кеткен Үлбі өзені үстінен салынған шағын көпір қирап қалды. Зардап шеккендер жоқ.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, кейінгі екі-үш күн бойы жауған жаңбырдан өзен суының деңгейі көтеріліп, тіреулерді шайған. Осының салдарынан көпір құрылысы бүлініп, аралық бетон бөлігі опырылып түскен.
Естеріңізге сала кетсек, аталған нысанға былтыр және 2023 жылы екі рет жөндеу жүргізілген. Оған бюджеттен шамамен 600 млн теңге қаражат бөлінген.
Өскемен қаласының әкімдігі төтенше оқиғаның салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
Қазір төтенше жағдай салдарын жою бойынша шаралар қабылданып жатыр. Барлық күштер көпірді қалпына келтіруге бағытталды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті деңгейде төтенше жағдай режимі енгізілді. Баршаңызды сабыр сақтауға және оқиға орнынан аулақ болуға шақырамын. Жағдай мұқият бақылауда, барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр. Ең бірінші – адамдардың қауіпсіздігі. Көпірді қоршаймыз. Көпірдің жағдайын бағалайтын мамандарды шақырдық. Өкініштісі, бұл жерде екі жыл бойы жөндеу жүргізілген, оған 600 миллион теңге бөлінген. Тексеру жүргіземіз. Мұнда кепілдік міндеттемелер бар, солардың негізінде көпір қалпына келтіріледі, – деді Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов журналистерге берген жауабында.




