Биыл Шығыс Қазақстан облысында Жалпыұлттық пул аясында 104 миллиард теңгенің 11 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев өнеркәсіп саласында қолға алынған ауқымды жобалар туралы айтып берді.
Белгілі болғандай, аталмыш салада 74,4 миллиард теңгенің 4 жобасы жүзеге асырылмақ. Олардың ішінде «Востокмашзавод» АҚ кәсіпорнындағы құю өндірісін жаңғырту жобасы да бар. Жоба құны – 33,8 миллиард теңге. Сонымен бірге «Altai mai» ЖШС-нің жылына 168 мың тонна өнім өндіретін май зауытын салу жобасы да өңір экономикасының алға басуына едәуір септігін тигізбек. Бұл жобаның құны 26,5 миллиард теңгеге бағаланып отыр.
– «Еrtis Bereke Oskemen» ЖШС-нің жалпы құны 6,1 миллиард теңге болатын жаңбырлатқыш машиналар өндірісін дамыту жобасы да ерекше назарымызда. Сондай-ақ «Altyn Shyghys» ЖШС-нің жылына 300 мың тонна май өндіруге мүмкіндік беретін жобасына зор сенім артылып отыр. Бұл жобаның құны – 8,0 миллиард теңге, – деп мәлім етті облыс әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, аталмыш төрт жоба жүзеге асырылғаннан кейін өндіріс орындарында қосымша 170 жұмыс орны құрылатын болады.




