Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында пегматит кенін өңдейтін зауыт пен тау—кен байыту комбинаты салынады. Бұл туралы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Ансат мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Басқарма басшысының айтуынша, литий, берилли, ниобий, цезий, тантал сынды аса бағалы минералдарды өңдеуге бағытталған «Алатау литий» жобасы германиялық HMS Bergbau AG компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады. Негізгі мақсат – жоғары технологиялық салалар үшін сұранысқа ие өнім шығару.
Стратегиялық маңызды жобаларға ерекше көңіл бөлініп отыр. Президент Жолдауында айтылғандай: «Бірінші басымдықты тапсырмалардың бірі – сирек және сирек жер металдарын игеру, олар шын мәнінде «жаңа мұнайға» айналды». Осыған орай Ұлан ауданында HMS Bergbau AG компаниясымен бірлесіп «Алатау Литий» жобасы жүзеге асырылады. Нәтижесінде литий концентратын өндіру үшін пегматит кенін қайта өңдеу зауыты мен тау-кен байыту комбинаты салынады, – деді Исатай Ансат.
Жобаға шамамен 450–600 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынбақ. Бұл тау-кен өнеркәсібіндегі ең ірі жобалардың бірі десе де болады. Қазір тиісті геологиялық барлау және дайындық жұмыстары жүргізілуде, снымен қатар жобалық-техникалық құжаттама әзірленіп, инфрақұрылым мәселелері талқыланып жатыр. Құрылысты аяқтап, кәсіпорынды іске қосу 2029 жылға жоспарланған.




