Алаяқтық ісі бойынша іздеуде жүрген Қазақстан азаматы Түркияда ұсталып, елге қайтарылды. Бұл туралы еліміздің бас прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Ол 2023 жылы Шымкент қаласында адамдармен алдын ала сөз байласып, интернетте «нарықтағыдан төмен бағаға автокөлік сатылады» деген жалған хабарландырулар жариялаған. Соның салдарынан 52 адам жалпы сомасы 70 млн теңгеден астам қаражаттан айырылды.
Бұл қылмыстық іске қатысқандардың бұрын сотты болғаны анықталды. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті бой тасалап жүруі себепті оған халықаралық іздеу жарияланып, ол биылғы тамызда Түркия аумағында ұсталды.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған үш жылдан жеті жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін. Сондай-ақ оның бүкіл дүние-мүлкі тәркіленеді.
Бас прокуратура мен құқық қорғау органдары азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қылмыс істеген тұлғаларды, олар қай елде жүргеніне қарамастан, жауаптылыққа тарту бойынша жүйелі жұмысын жалғастырады.




