Өскеменнің Арматурный ауданында мектеп жоқ. Жергілікті балалар қаланың әр түкпіріндегі білім ордаларына автобуспен қатынап оқиды. Қала әкімімен кездескен тұрғындар осы және басқа да мәселелерді тілге тиек етті, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінде Арматурныйда 200-ден астам бала бар. Олар қаланың әр жеріндегі мектептерге барып білім алады. Демографиялық жағдайдың жылдан-жылға жақсарып, бала табу көрсеткіші жоғарылап келе жатқанын ескерсек, бұл ауданға бір мектептің қажеттігі анық байқалады.
Балалар сабаққа бару үшін қыстыгүні сақылдаған аязда автобус күтеді. Бұл жақта қоғамдық көлік те дұрыс жүрмейді. Орталыққа қатынау қиын. Сондықтан бізге бір мектеп салып берсеңіздер. Бүкіл халықтың сұрап отырғаны осы, – деді кездесуге келген тұрғындар бір ауыздан.
Өскемен әкімі Алмат Ақышов кейінгі бірнеше жылдан бері мектеп құрылысына қатысты шешім қабылдау құқығы жергілікті әкімдіктің құзырынан алынып, білім басқармасына берілгенін айтты. Дегенмен шаһар басшысы бұл мәселенің оң шешілуіне ықпал ететінін жеткізді.
Өтініштеріңізді естідім, қолдан келгенше көмектесемін. Бұл ауданға мектеп қажет екенін көрдім. Уәде бере алмаймын, бірақ мәселенің шешілуіне қолдау білдіремін, – деді Алмат Ақышов.
Кездесуде сонымен қатар аулаларды абаттандыру, жол жөндеу, жарық тарту, иесіз иттер, спорт және балалардың ойын алаңдарын салу, қоғамдық көліктер жүргізу сияқты мәселелер айтылды. Қала әкімі тұрғындардың барлық өтініш-тілегін жазып алып, қордаланған проблемаларды мүмкіндігінше рет-ретімен шешуге тырысатынын жеткізді.




