Өскемен қаласының прокуроры Тимур Чакпантаев уақытша қызметінен шеттетілді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде қалалық прокурорға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған. Ол өзінің қол астындағы қызметкерлерді соққыға жықты деген күдікке ілінген. Облыс прокуратурасы аталған тұлғаға қатысты қызметтік тергеу жүріп жатқанын растады.
Өскемен қаласының прокурорына қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының «Құқық қорғау қызметі туралы» заңына сәйкес, ол өзіне қатысты жауапкершілік туралы шешім қабылданғанға дейін уақытша қызметінен шеттетілді, – делінген ресми ақпаратта.
Ведомство өкілдері бұған дейін де прокуратура қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексерістер жүргізілгенін атап өтті. Сол тексерулердің нәтижесінде кейбір фактілер расталып, қызметтік этика нормаларын бұзған қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Тимур Чақпантаев Өскемен қаласының прокуроры болып 2024 жылы тағайындалды. Оған дейін ол Ақмола облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры қызметін атқарды.




