Еліміздің Бас прокуратурасы әлемде интернет алаяқтықтың жаңа түрі кең етек алып бара жатқанын ескертіп, қазақстандықтарды сақ болуға шақырады, деп хабарлайды F16.kz порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қылмыстық қауіп-қатердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы бүгінде адамдарға жол қозғалысы ережесін бұзды деген себеппен жаппай жалған қаулылар жіберіліп жатқанын мәлім етті. Хабарламалар электронды поштаға және мессенджерлерге жіберіледі. Онда жүргізуші және көліктің нөмірі туралы деректер, сондай-ақ «айыппұл» төлейтін сілтеме көрсетілген.
Шын мәнінде бұл фишинг шабуыл. Банк картасының деректерін енгізгенде олар сіздің шотыңызға толық иелік етеді және барлық қаражатты ұрлай алады. Кейде сілтемеде құрылғыдан жеке деректерді ұрлауға арналған вирус болады. Қазір мұндай шабуылдар Ресейде және АҚШ-та тіркелді, болашақта Қазақстанда да кездесуі мүмкін, – деп жазылған құзырлы органның ресми ақпаратында.
Әкімшілік айппұл туралы ресми хабарлама тек 1414 нөмірінен келеді және онда төлем сілтемелері көрсетілмейді. Салынған айыппұл туралы ақпарат egov.kz арқылы банктердің мобильді қосымшаларына да келетінін айта кету керек.
Мамандардың айтуынша, егер 1414 нөмірінен айыппұл туралы хабарлама келсе және онда төлем сілтемесі болса, ол арқылы өтуге болмайды. Бұл алдау! Мұндай хабарламаларды алаяқтар жібереді!
Не істеу керек?
сілтемелер арқылы өтпеңіз және күмән тудыратын хаттардың тіркемелерін ашпаңыз;
айыппұл туралы ақпаратты тек egov.kz, qamqor.gov.kz ресми ресурстарында және банктердің мобильді қосымшаларында қайта тексеріңіз.
Егер сіз сілтеме арқылы өтіп, деректерді енгізген болсаңыз:
банк картасын шұғыл бұғаттаңыз;
ықтимал алаяқтық фактісі туралы банкке және полицияға 102 телефоны арқылы хабарлаңыз;
құрылғыны вирустың бар-жоғына тексеріңіз.




