Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері есепте тұрған азаматтарды бақылаудың жаңа әдісін енгізді. Енді құқықбұзушылыққа бейім адамдардың тәртібі электронды бақылау білезігі арқылы қадағаланады, деп хабарлайды F16.kz порталы polisia.kz—ке сілтеме жасап.
Жаңа жүйені алғашқылардың бірі болып Өскемен қаласы Үлбі полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары қолдана бастады. Олар профилактикалық есепте тұрған азаматтарға білезік тағып, олардың жүріс-тұрысын қашықтан бақылап отырады.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, сот үкімімен белгілі бір азаматтарға шектеу қойылуы мүмкін. Мысалы, түнгі уақытта үйден шығуға, кейбір жерлерге баруға немесе ішкі істер органдарын ескертпей тұрғылықты жерден кетуге тыйым салынады. Осындай талаптардың орындалуын электронды білезік арқылы қадағалауға болады. Бұл құрылғы учаскелік полиция инспекторына адамның жүрген орнын нақты уақыт режимінде, сондай-ақ өткен уақыт бойынша көруге мүмкіндік береді. Бақылау деректері инспектордың жеке компьютеріндегі жүйеде сақталады.
Егер білезік таққан азамат белгіленген ережені бұзса немесе құрылғыны бүлдіруге тырысса, жүйе дереу белгі береді. Нәтижесінде құқық қорғау қызметкерлері жедел әрекет етеді.
Мұндай технологиялар қайталанатын құқықбұзушылықтың алдын алуға және жергілікті полиция қызметінің тиімділігін арттыруға көмектеседі дейді мамандар.




